Сақтық танытқан сау қалады». Бұл сөздің салмағы әсіресе, бала қауіпсіздігіне келгенде тым ауыр. Күн ысып, жаз шықса болды ата-ананы үрей қысады.Үйдегі бүлдіршін үшін кәдімгі терезе қызық көретін әлем емес, ажал апанына айналуы мүмкін. Соңғы үш жылдың өзінде елімізде 104 бала көпқабатты үйдің терезесінен құлап, шетінеп кетті. Тағы 600-ге жуық бүлдіршін мүгедек болып аурухана төсегіне таңылды. Москит торына сену, терезе түбіне жиһаз қою. Төтеншеліктердің айтуынша, дәл осы қарапайым қателіктер қауіпті еселеп тұр. Құтқарушылар күн сайын дабыл қағып, ескертуден жалыққан емес. Бірақ бейқамдық белең алып, қасірет тыйылар емес. Бала өмірін торға байламай, қауіптен қалай қорғаймыз? Әріптесім Аружан Самидин тарқатады.


Жаздың аптап ыстығы басталғанда сырттан сая іздеп, терезені айқара ашатынымыз заңдылық. Бірақ дәл осы ашық терезе үйдегі ең үлкен қауіп ошағы екенін екінің бірі түсіне бермейді. Сандарға қарап шошынасың.

2024 жыл: 40 бала биіктен құлап, 7-еуі көз жұмды.
2025 жыл: Бұл көрсеткіш елуден асып жығылды.
2026 жылдың басынан бері: Санаулы айдың ішінде 15 бала терезеден ұшып кеткен. Өкінішке қарай, оның 4-еуін ажалдан арашалау мүмкін болмады.


Осындай жүрек ауыртарлық оқиғаның бірі жақында ғана Шымкент қаласы, Тұран шағын ауданында болды. Виктория Шлыктың екі жасар ұлы үйде алаңсыз ойнап жүрген. Анасы тамақ әзірлеп жатқан сәтте, бүлдіршін терезе алдындағы жиһазға өрмелеп шығып, ашық тұрған терезеден төменге қарай құлдилаған. Ауыр жарақат алған сәби шұғыл түрде ауруханаға жеткізілді. Абырой болғанда, ақ халаттылар баланы ажалдан қақты. Дегенмен, қатты соққының салдары жеңіл болған жоқ. Бүлдіршін ауыр бас ми жарақатын алып, сол жақ қолы мен аяғы уақытша жансызданып қалған. Сәби әлі күнге дейін аурухана төсегінде ем қабылдап, зардабын тартып келеді.


ВИКТОРИЯ ШЛЫК, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ
Бір ай бұрын ғана болды. Бір сәтке ас бөлмесіне кіріп кеткен едім. Сол кезде көршілер шулап, баламның терезеден құлап кеткенін байқадым. Бірден жүгіріп шығып, жедел жәрдем шақырдық. Ауруханада дәрігерлер қарап, алғашқы көмекті көрсетті. Қазір емін жалғастырып жатырмыз. Ата-аналардан өтінерім, терезеге бекіткіш, тор орнатып, балаларды міндетті түрде қорғаңыздар. Бір сәттік бейқамдық қайғылы жағдайға әкелуі мүмкін.



2770-Кішкентай балалар айналаны танып-білуге құмар келеді. Қызық көрген олар терезе маңына қойылған орындыққа шығып, москит торына сүйенеді. Алайда қарапайым тор қорғаныс құралы емес, ол бала салмағын көтере алмайды. Ал бір сәттік бейқамдықтың соңы бүтін бір отбасының орны толмас қасіретіне ұласуы мүмкін.


Бұл қасіреттің тамыры қайда жатыр? Төтеншеліктер дабыл қаққан қайғылы жағдайлардың негізгі себебін ашық айтты. Ол - балалардың бір сәтке болсын қараусыз қалуы. Әсіресе аптап ыстық орнаған жаз мезгілінде үйді желдету үшін терезелер жиі ашық тұрады. Дәл осы сәтте қауіп деңгейі екі есе емес, еселеп артатынын ұмытпаған жөн.  


ЖАНҰЗАҚ АДИХАНОВ, ҚАРАТАУ АУДАНДЫҚ ТЖБ АҒА ОФИЦЕРІ

Ағымдағы жылы терезеден құлау бойынша үш факті тіркелді.Қазір төтенше жағдайлар департаменті қауіптің алдын-алу үшін қарқынды жұмыс істеп жатыр.Басқарма тарапынан әлеуметтік жағынан аз қамтылған отбасыларға бекіткіш орнатып жатырмыз.


Қатердің алдын алудың ең тиімді әрі қарапайым жолы бар. Ол терезеге арнайы қауіпсіздік торлары мен қорғаныш бекіткіштерін, яғни арнайы құлыптарды орнату. Бұл құрылғылар терезенің толық ашылуын шектейді. Бөлмеге ауа кіргенімен, баланың сыртқа қарай құлап кету қаупін жүз пайызға жуық сейілтеді. Кәдімгі москит торы сияқты емес, бұл темір бекіткіштер үлкен адамның салмағын да көтере алады.


САМАТ ӘДІЛХАНҰЛЫ, ТЕРЕЗЕГЕ ҚАУІПСІЗ ТОР ОРНАТУ КОМПАНИЯСЫНЫҢ ҚЫЗМЕТКЕРІ
Мұндай қауіпсіз торлардың үш түрі бар.50 келіден бастап 100 келіге дейінгі салмаққа төтеп бере алады.Балаларға қауіпсіз.Арасы он сантиментр болғандықтан, баланың басы мен денесі торға сыймайды.Сәйкесінше, оқыс оқиғалардың алдын-аламыз.


«Сақтанғанды сақтайды» деген аталы сөздің астарында үлкен жауапкершілік жатыр. Төтенше жағдайлар мамандары ескерткен қарапайым қауіпсіздік ережелерін қатаң сақтау – орны толмас қайғыны алдын алудың бірден-бір жолы.