Алаяқтар айласын жияр емес. Жыл басынан бері Шымкентте 300-ден астам адам қомақты қаржыдан қағылған. Енді қаскөйлер халықты алдау үшін мемлекеттік порталдарға ұқсас жалған сайттарды қолдана бастады. Тіпті WhatsApp арқылы сіздің дауысыңызға ұқсас хабарлама жасап, жақындарыңызды арбаудың тың тәсілін тапқан. Бұл мәселенің алдын алу үшін құзырлы орган өкілдері халыққа түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, жадынамалар таратты.


Бүгінде алаяқтықтың ауқымы кеңейген. Мәселен, қала тұрғыны Алмасхан Еспаевқа өзін дәрігер ретінде таныстырған белгісіз біреу қоңырау шалып, ауруханаға жатқызамыз деп арбауға тырысқан. Жалған хабарлама жолдап, SMS-кодты сұратқан алаяқтар қарияның сеніміне кіріп, жеке мәліметтерін алуға әрекеттенген. Алайда ол дер кезінде сақтық танытып, қоңырауды үзіп үлгерген.


АЛМАСХАН ЕСПАЕВ, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ

Өзім көлікте келе жатыр едім. Бір кезде белгісіз біреулер хабарласты, өзін емханада істейтін дәрігер деп таныстырды. Ауруханаға жатуға кезек күтіп жүр едім, кезегім келгенін айтты. SMS-код келеді деп, кодты айтуды өтінді. Жанымда жұбайым бар еді, сол кісі дер кезінде тоқтатып үлгерді. Сәл қалғанда білместікпен кодты айтып, алданып қалар едім.


Қазір алаяқтықтың түрі көп. Өзін банк қызметкерімін деп таныстырып, банк картасының деректерін сұрайтын қылмыскерлердің қатары артқан. Мұндай жағдайлар онлайн дүкендерде де жиі кездеседі. Кездесу барысында құзырлы орган өкілдері «Заң мен тәртіп» қағидаты аясында кең таралған алаяқтық түрлері туралы түсіндіріп, тұрғындарға жадынама таратып, сақ болуға шақырды.


МАҚСАТ ЖАНЫСБАЕВ, КИБЕРҚЫЛМЫСҚА ҚАРСЫ ІС-ҚИМЫЛ БАСҚАРМАСЫНЫҢ ЖЕДЕЛ УӘКІЛІ
Интернет алаяқтары көбіне дропперлерді қолданады. Ол дегеніміз – өзіне тиесілі банк есепшотын ақшалай сыйақыға сату. Бұл әрекет Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 232-бабының 1-бөлігінде көзделген. Ол үшін қылмыстық жауапкершілік қарастырылған. Кінәлі адам 7 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.


Биыл қалада алаяқтыққа қатысты 943 жағдай тіркелген. Қылмыстың басым бөлігі интернет арқылы жасалған. Бүгінде кибералаяқтық бойынша 142 қылмыс ашылып, кінәлілерді анықтау жұмыстары жалғасып жатыр.


МЫРЗАБЕК АСЫЛБЕКОВ, АБАЙ АУДАНЫ ПРОКУРАТУРАСЫНЫҢ АҒА ПРОКУРОРЫ
Көбінесе алаяқтар өздерін мемлекеттік орган қызметкерлері ретінде таныстырып, азаматтардың атына несие рәсімдеп жатады. Мұның алдын алу үшін бейтаныс нөмірлерден келген қоңырауларға сақтықпен қарау керек.


Мұндай қылмыстың алдын алудың бірден-бір жолы – халықты ақпараттандыру, – дейді мамандар. Осы мақсатта Абай аудандық әкімдігі сауда орталықтарында тұрғындарға түсіндіру жұмыстарын тұрақты түрде жүргізіп келеді.


ҚАЛМҰРАТ ЖҮНІС, АБАЙ АУДАНЫ ӘКІМДІГІ ӘЛЕУМЕТТІК БӨЛІМІНІҢ БАС ИНСПЕКТОРЫ
Біздің әкімдікке көбінесе үлкен кісілер келеді. Яғни алаяқтарға алданып, қаржысынан қағылғандар. Біз мұндай жағдайлардың алдын алу үшін тұрғындар арасында үнемі түсіндіру жұмыстарын жүргізіп тұрамыз.


Алаяқтардың арбауына түсіп қалмау үшін сақтық қажет. Мамандар кез келген күмәнді хабарламаны тексеріп, ешкімге жеке мәліметтеріңіз бен SMS-кодты бермеуге және күмән туған жағдайда бірден жақындарыңызбен немесе тиісті мекемемен байланысқа шығуға кеңес береді.