5-ші қыркүйек Қазақстан халқы тілдері күні. Осыған орай Шымкентте «Мемлекеттік тіл-менің тілім» атты форум өтті.

Жылда мегаполистің саябақтарында ұйымдастырылатын шара биыл «Қаратау» дәстүрлі өнер мектебінде өтті. Мұнда мұғалімдер әскери борышын өтеп жүрген сарбаздар мен этнос өкілдері бас біріктірді. Форумда ақын, жазушы Абай Қалшабек, айтыскер ақын Анар Жаппарқұлова, ОҚМА әлеуметтік мәселелер және жастар саясаты басқармасының басшысы Ербол Сәлім  баяндама оқыды. Алғы сөз алған Шымкент қалалық мәдениет, тілдерді дамыту және архивтер басқармасының басшысы Сәкен Шәкеев тіл мәртебесіне тоқталды.

Жиын барысында мемлекеттік тілдің мәртебесін асыруға атсалысып жүрген қаламыздағы этнос өкілдері марапатталды. Солардың мегаполистегі бірі жас тілшілердің бірі Интизора Нусратуллаева. Талантты жастың мемлекеттік тілге деген ықыласы ерекше.  

Тіл – қашанда ұлттың ұйтқысы. Сөзі өз тілінде шыққан халықтың егемендігі баянды, тұғыры қашан да биік. Қазіргі кезде мемлекеттік тілдің қоғам өміріндегі маңызы мен салмағы күн санап арта түсуде. Жас ұрпақтың тілі ана тілінде шығып, қазақ тілінде білім алуына, басқа да тілдерді жетік меңгеруіне толық мүмкіндік те бар. Қазақ тілі - әлемдегі тілдердің ішіндегі ең бай, көркем тілдердің бірі.Тіл қай елде, ұлтта болсын қастерлі, қасиетті, құдіретті.