Еліміздің Өнеркәсіп және құрылыс вице-министрі Тимур Қарағойшин Үшінші мегаполиске жұмыс сапарымен келді. Тимур Джиенбайұлы алдымен салалық басқарма басшыларымен қолданыстағы құрылыс нормаларына енгізілен өзгерістер бойынша мәжіліс өткізді. Жиыннан соң Тұран-2, Ақжайық, Бозарық шағын аудандарында құрылысы жүргізіліп жатқан тұрғын үй және инфрақұрылым нысандарын аралады. Жауаптылармен құрылыс жұмыстары кезінде туындайтын мәселелерді талқылады.

 Ведомства басшысы алдымен Тұран шағынауданында тұрғызылып жатқан тұрғын үйді аралап, атқарылып жатқан жұмыспен танысты. Мұнда мемлекет бюджет есебінен 572 пәтерлі  8 тұрғын үйдің құрылысы қарқын алған.  

Одан соң вице-министр Ақжайық шағынауданына ат басын бұрды. Мұнда қазір 26 тұрғын үйдің құрылысы жүріп жатыр. 58,1 мың шаршы метрді алып жатқан 780 пәтерлі тұрғын үйдің бүгінгі таңда негізін бетондау жұмыстары жүріп жатыр. Өндірістік кестеге сәйкес жыл соңына дейін ғимараттар қаңқасы көтеріліп, шатыры жабылуы тиіс. Құрылыс 2024 жылы аяқталып, пәтер кезегінде тұрған азаматтардың игілігіне берімек. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес Шымкентте соңғы жылдарда  арнайы бағдарламалар есебінен көпқабатты тұрғын үйлердің құрылысы қарқын алған.

Үкімет  қаулысымен бекітілген Тұрғын үй-коммуналдық инфрақұрылымды дамытудың 2026 жылға дейінгі тұжырымдамасы аясында 2023 жылы Шымкентте мемлекеттік бюджет есебінен 312,4 мың шаршы метрді құрайтын  4 090 пәтерлі  98 көпқабатты тұрғын үйдің құрылысын жүргізу жоспарланған. Ведомства басшысы бюджеттік тұрғын үйлердің сапасына аса мән беруді тапсырды.

Айта өтейік, бүгінде Тұран шағынауданында 18 үй, Бозарықта 54, Ақжайық шағынауданында 26 үй салынып жатыр. Өндірістік кестеге сәйкес 67 тұрғын үйдің құрылысы аяқталып жыл соңына дейін ел игілігіне пайдалануға беріледі. Оның 61-і кредиттік, 6-ы арендалық баспаналар.