Асарлатып жол жөндейді. Сайрам ауданы Қарабұлақ ауылдық округінің тұрғындары үкіметке алақан жаймай тұрып жатқан көшесін өздері реттеп жатыр. Ені 4 метр болатын көшені 11 метр етіп кеңейтіп, асфальт төсемекші Игі іске мемлкекеттен бір тиын да қаржы қаралмаған. Жұмыс жергілікті халық пен қайырымды жандардың қаражатына атқарылып жатыр.   

Қарабұлақ ауылдық округіндегі  жол мәселесі көптен көтеріліп келген. Тұрғындар проблеманы арқалап әкімдікке талай барған. Жақын арада күрек тимейтінін естігендер  екі жарым шақырым жолды өздері жөндейге кірісіп кеткен. Айтуларынша тар көшеде жүріп тұру қиынға соққан. Ені 4 метр болатын көшеде көлік айналып өте алмайтын еді дейді. Енді асарлатып жұмыстың жартысын атқарып қойған.  

 Қарабұлақ ауылдық округіндегі жолдардың 30 пайызы ғана асфальтталған. Биыл 4 көшеде жөндеу жұмыстары жүріп жатыр екен. 2024-2025 жылдары су жүйелері жүргізу жоспарланған. Жұмыстар аяқталған соң өзге көшелерді асфальттау жұмысы жалғаспақ.

Аудан әкімі Арман Сәбитовтың тапсырмасы бойынша Қарабұлақ ауылдық округінде заңсыз салынған 17 нысан анықталды. Бүгін олардың 3-і сүрілді, ал қалған 14 нысан иелеріне 20 қазанға дейін бұзуға уақыт берілді. Егер кәсіпкерлер «қызыл сызықта» орналасқан ғимараттарды өз еркімен бұзбаған жағдайда, іс сотқа өтеді және кәсіпкер 1.5 млн теңге көлемінде айыппұл төлейді.

Айта өтейік, Сайрам ауданында 235 мыңнан астам халық тұрады. Бұл облыс халқының  11 пайызын құрайды. Ауданда 42 елді мекен бар.