Сайрам ауданы обылыс бойынша ет экспорттаудан көш бастап тұр. Өңірдегі шаруалар соңғы тоғыз айда  15,8 мың тоннаға жуық  ет өндіріп, экспортқа шығарған.  Олардың арасында Қасымбек Датқа ауылындағы «Қайып ата» серіктестігі бар.  Ет комбинаты тәулігіне 100 ірі қара мал сойып Өзбекстанмен Ресейге жөнелтеді екен.

Серіктестіктің Қазығұрт ауданында өз мал бордақылау алаңы бар. Қазіргі таңда онда 6500 бас ірі қара мал бордақыланып жатыр.  Ал Қасымбек Датқа ауылындағы ет көмбинатындағы өнімінің 10 пайызы елде қалып, 90 пайызы Өзбекстан мен Ресей еліне экспортталады екен.

 Бұл цех 2016 жылы іске қосылған. «Бизнестің жол картасы-2020» кәсіпкерлікті қолдау және дамытудың бірыңғай бағдарламасы аясындағы қаржыландырылған. Жылына 6000 тонна ет өнімдерін өндіреді. Қазір мұнда 45 адам жұмыспен қамтылған. Қасапшылар шетелден арнайы шақыртылыпты.

Сайрам ауданында жыл басынан 241,6 мың ірі қара мал мен 80,2 мың бас жылқы сойылған. Уақ мал мен құс етін қосқанда жалпы 32,5 мың тонна ет өнімдері өндірілген. Алдағы уақытта тауық етін арттыру жоспарда бар дейді жауаптылар.

 Ауданда 1038 мал бордақылау орыны  бар. Онда бір мезгілде 42 мың бас мал бордақыланады. Айта өтейік, биыл барлығы 15,8 мың тонна ет экспортталған. Оның 11 мың тоннасы ірі қара мал болса  4,8 мың тоннасы қой еті.