Түркістан облысы мен Оңтүстік Корея елімізде баламасы жоқ жобаларды жүзеге асыруға келіссөздер жүргізді. Атап айтқанда, ІТ саласы бойынша техникалық жоғары оқу орнын ашу,  мақта тігін кластерін дамытуға бағытталған жаңа жобалар қолға алынады. Осы мақсатта облыс әкімі Дархан Сатыбалды 2007 жылғы Нобель сыйлығының лауреаты Рае Квон Чунгпен кездесті. Кездесу барысында өңірде жүзеге асыруға болатын бірнеше бірегей жобалар талқыланды. Сонымен қатар шетелдік ғалым өңірде «жасыл» энергетика саласына қатысты жобалар ұсынды.

Түркістан облысында әлеуеті зор жобалар жетерлік. Осы бағытта алдымен маман тапшылығын жою мақсатында ІТ саласы бойынша техникалық жоғары оқу орнын ашу көзделініп отыр. Сондай-ақ, аймақ мақта шаруашылығымен айналысатын жалғыз өңір болғандықтан, текстиль кластерін дамытуға күш салынады. Тараптар кездесу барысында  «жасыл» энергетиканың жай жапсарын да талқылады.

 Нобель сыйлығының лауреаты Рае Квон Чунг оқу бағдарламасынан бөлек «жасыл мақта» жобасын жүзеге асыруды ұсынды. «Ақылды жоба» суды 60 пайызға үнемдейді және мақта өсіріп, жылына 2-3 өнім алуға болады.Өнімділік те жоғары, мақта сапасы да жоғары болады. Ең бастысы, жаңа технологиямен өсірілген мақта арқылы әлемдік сән әлеміндегі премиум брендтерге қолданылатын сапалы мата өндіреді. Бұл – тұрғылықты халық үшін тұрақты жұмыс орны және дүниежүзілік нарыққа жол. Кездесуде Түркістан облысында жасыл экономиканы дамытудың ең тиімді жолы ретінде жаңа технологиямен қамтылған жылыжайларда, яғни «ақылды фермада» өндірілген таза өнім, жасыл өнім үлкен сұранысқа ие болатыны айтылды.

РАЕ КВОН ЧУНГ, НОБЕЛЬ СЫЙЛЫҒЫНЫҢ ЛАУРЕАТЫ
– Мен жасыл экологияны қолдаушы ретінде Түркістан облысында іске асыруға болатын жобалардың жүзеге асуына ниеттімін. Бұл жоба энергия көздерін арттырып қана қоймай, қоршаған ортаға зиян келмейтін өнім шығарады. Туристерді тартуға мүмкіндік туады. Өйткені, ол ел қызығушылығын тудыратын әсем мұнара болады. Өңірде қалдықтарды өңдеу бойынша зауыт ашуға да мүмкіндік мол. Заманауи технология қоқысты өртемей, ысытады. Сонда ауаны ластамайды. Үздіксіз жұмыс істейді. Тиімді әрі экологиялық таза, шаһарды жасыл қалаға айналуға мүмкіндік береді. Ол үшін насихат керек. Халық түсініп, ауаны ластамауы тиіс. Бұл зауытта 4 тонна қоқыстан 1 тонна мұнай шығаруға болады.

Кездесуде тағы бір ерекше жоба талқыланды. Желден электр қуатын өндіретін құрылғыны Түркістанда қоюға болады. Алып мұнараның биіктігі –100 метр, 10 қабатты. Бұл – қоршаған ортаға зиян келтірмейтін әрі бүкіл әлем назарын аударар туристік нысан болмақ.Осылайша қос тарап жобаларды тереңірек талқылап, әріптестікті нығайтуға келісті. Облыс әкімі Түркістан өңірінде маңызды жобаларға толық қолдау көрсетілетінін жеткізді.