Қазақ тарихында «Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама» атанған қасіретті жылдарда  «Елім-ай» дастаны шықты. Қазақтың қайғысын өрнектелген жырдың шыққанына биыл  300 жыл. Атаулы датаға орай   еліміздің әр аймағында арнайы жиындар ұйымдастырылып келеді.  Бұл жолы Әл-Фараби атындағы қалалық ғылыми-әмбебап кітапханасында теориялық конференция өтті.

1723 жылы елімізге тұтқиылдан басталған жоңғар шапқыншылығы Қазақтың басына үлкен нәубет болды. Қамсыз жатқан ел қапыда қалып қайғыдан қан жұтты. «Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама» атанған сол жылдары қазақ халқы үдере көшіп қаратау асып босып кетті. Сол кезде елдің жадында мәңгі сақталған  «Елім-ай» дастаны шықты. Осы уақытқа дейін халық әні деп келген дастанды  ұлы жырау   Қожаберген Толыбайұлы шығарған болатын.

Конференцияда Қазақстанға Еңбек сіңірген қайраткері Серік Негимовтың «Абай ғибратнамасы» кітабының тұсау кесері болды. Һәкім дананың Толық адам тұжырымдамасы кеңінен талқыланды. Ғалымдар тұжырымдаманың өскелең ұрпаққа берері мол дүние екендігін ғылыми дерекпен баяндады.

Жиынға арнайы келген қала әкімінің орынбасары Сәрсен Құранбек өз ойын ортаға салды. Мұндай ауқымды шараның маңыздылығына тоқталды.

Биыл «Елімай дастанының» 300 жылдығына орай Қаратаудың бөктеріне тұғыр тас орнатылды. Одан бөлек өңірлерде ғылыми тәжірибелік конференциялар ұйымдастырылды. Осы игі шаралардың барлығына «Жеті жарғы және Қожаберген жырау» қайырымдылық қорының төрағасыБекет Тұрғараев мұрындық болып жүр. Қазақтың тарихын түгендеген ел ағасының еңбегі ерен.