Шымкентте психологиялық – педагогикалық түзеу орталығы ашылды. Онда, аутизмге шалдыққан бүлдіршіндер ем қабылдап, білікті логопед, дефектологтың бақылауында болады. Мамандардың айтуынша, дертпен дер кезінде күрессе, аурудан құлан таза айығуға мүмкіндік мол.

Өкінішке орай, елімізде аутизммен ауыратын бүлдіршіндердің саны артып барады. Көбінде ата-аналар баласының бұл дертке шалдықанын кеш байқайды екен. Арнайы  орталықтарды жағалап, бауыр еті баласы үшін мамандарды ақыға жалдайтындары да жетерлік. Бүгінгі ашылған психологиялық – педагогикалық түзеу орталығы міне осындай жандарға тегін көмек беруге дайын. Мұндағы мамандар бір күнде 60 балаға дейін қабылдап, жұмыс жасауға барлық жағдай жасалған.  

Жаңадан ашылған психологиялық – педагогикалық түзеу орталығында 8 кабинет бар. Олардың бала денсаулығына тигізер пайдасы ұшан теңіз, дейді мамандар. Бірінде бүлдіршін айнаға қарап логопед, дефектологпен жұмыс жасаса, енді бірінде арнайы ойыншықтардың көмегі арқылы ой-өрісін дамытады. Сондай-ақ, сенсорлы, массаж, емдік дене жаттығуына арналған бөлмелер бар.

Мамандар баламен ғана емес, ата-аналармен де тығыз байланыс орнатуды көздеп отыр. Сонда ғана нәтижелі жұмыс боларына сенімді. Дертпен дер кезінде күрессе, аурудан құлан таза айығуға мүмкіндік мол екен. Айта кетейік, бұл қаламыздағы жеке меншік негізде ашылған 2-ші  психологиялық – педагогикалық түзеу кабинеті.