Осы аптада ҚР Президенті Қасым – Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен Үкімет басшысы тағайындалып, құрамы қайта жасақталды. Жаңа Үкіметтің алғашқы жұмыс күнінде бірқатар міндеттер жүктеген мемлекет басшысы тұрғын үй кешенін жаңғырту туралы тапсырма берді. Осы орайда, Шымкентте биыл 81 көпқабатты тұрғын үйдің шатырынан бастап, жертөлесіне дейін күрделі жөндеуден өтеді деп жоспарлануда.
Тұрғын үй кешенін жаңғырту бағдарламасы аясында дәл қазіргі таңда қаладағы 81 көпқабатты тұрғын үйдің құжаты дайын тұр екен. Егер, алдағы мәслихат сессиясында қолдау тапса, олардың шатырынан бастап, жертөлесіне дейін жаңғырту жоспарланған. Осы орайда, тұрғын үйлердегі 23 жедел сатының тозығы жеткендігі анықталыпты.
Бұл жұмыстар тұрғын үй иелерінің 70 пайыз келісімімен жергілікті атқарушы органдарға жазған өтініштеріне сәйкес, қайтарымды қаржы негізінде жүргізіледі. Ай сайынғы төлеу ақысы пәтердің шарты метіріне байланысты болмақ.
Тұрғын үй кешендерін жаңғырту бағдарламасы аясында осы уақытқа дейін Шымкентте 158 көпқабатты үй күрделі жөндеуден өткен. Олардың су өткен шатыры ауыстырылып, кіре берістері әрленген. Сонымен қатар, жертөледе толықтай тазарту жұмыстары жүргізіліп, суағар жүйелері орнатылған. Бұл ретте, мердігер мекеме тарапынан кепілдік мерзімі берілетінін айта кетейік.