Тұтынушы құқығына қатысты шағым саны жыл сайын артып келеді. Бірақ бұл кәсіпкерлердің бассыздығын ғана емес, халықтың өз құқығы мен Заңды білуінен туындап отырған статистика. Мамандар бұл тенденцияның жақсы екеніне сенімді. Ал кемшіліктермен күрес екі есе күшпен жалғаса бермек. БАҚ өкілдеріне ақпарат берген тиісті департамент қызметкері осылай деді.
 Сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментінде 2023 жылы қаралған өтініш саны 4109 болған. Оның бәрі қаралып, қанағаттандырылып, тұтынушыларға 181 779 555 теңге сомасында қаражат қайтарылыпты. Бұл 2022 жылмен салыстырып алғанда 2000-ға көп.
 Халық тауарды сапасына қарай немесе маркетингтің құрбаны болғанын кеш түсінгенде қайтаруға тырысады. Осындай проблеманың алдын алу үшін министрлік «Сапалы өнім» жобасын іске қосқан. Бұл – кәсіпкердің немесе сатушының сапасыз заттарды нарыққа шығаруына жол бермеу. Бастамаға шымкенттік кәсіпкерлер қолдау білдірген, олардың тарапынан еш шағым болмапты.
Тұтынушы құқығын қорғау саласында қоғамдық бірлестіктердің рөлі зор. Олар омбудсмен институты ретінде де жұмыс істеп отыр. Естеріңізге салайық, алған тауарыңыз ұнамай қалса немесе сапасына сыныңыз болса, 14 күн ішінде қайтаруға құқылысыз. Ал кәсіпкермен мәмілеге келе алмасаңыз, департаментке жүгінуге болады.