«Ауыл аманаты» жобасына қатысуға ерекше қызығушылық танытқан өңірдің бірі – Түркістан облысы. Қарапайым ауыл тұрғындарының тұрмысын түзеп, кәсіп ашуына мүмкіндік беретін бағдарламаға биыл бірқатар өзгерістер енгізіліп отыр. Атап айтқанда, несие алуға ауылдық елдімекендермен қатар, шағын қалалар қосылды. Бағдарлама қаражатының 50 пайыздан аспайтын бөлігі мал, құс, балық сатып алуға берілмек. Биыл бұл мақсатта республикалық бюджеттен 13,2 млрд теңге қарастырылған.
Түркістан облысының биыл 62 ауылдық округінде жаңадан 62 кооператив құру жоспарлануда. Нәтижесінде, 2640 жоба қаржыландырылып, 4500-ге жуық жаңа жұмыс орны ашылатын болады. Осы мақсатта облыс әкімі Дархан Сатыбалды жауапты басқарма басшылары мен аудан әкімдерінің  сондай-ақ,  микроқаржы ұйым жетекшілерімен  жиын өткізді. Әлеуметтің әлеуетін арттыруға бағытталған игі жобаны егжей-тегжейлі талқыланып, су үнемдеу технологияларын қолдануды арттыру, дақылдарды өсіру және өндірістерді ашуға болатын қолайлы аймақты анықтау жөнінде аймақ басшысы нақты тапсырмалар берді.
 Пилоттық жобада жинақталған тәжірибені ескере отырып, биылғы бағдарламаға енгізілген өзгерістердің бірі - жобаға қатысушыларға тұрақты жұмыс орындарын құру мінеттеледі. Сондай-ақ бөлінген қаражатқа техника сатып алып, жабдықтармен қамтылуы тиіс. Бұл ретте, жеңіл автокөлік сатып алуға болмайды. Сонымен қатар, ауыл шаруашылығы жануарларын жақын туыстарынан сатып алуға тиым салынады.
 Түркістан облысында өткен жылдан бері 19,8 млрд теңгеге 3200-ден астам жоба қаржыландырылған. Осы орайда, 16 ауданның 64 ауылдық округінде жаңадан 75 кооператив құрылып, 3,5 мыңға жуық жаңа жұмыс орны ашылды. Пилоттық жобаға қатысқан халықтың 80 пайызы ауылдық жерлерде тұрады. Нақтырақ айтар болсақ, 32 ауылдық округтен мыңдаған адам қатысқан. Сондай-ақ 16,4 га алаңға 328 жылыжай құрылысы қаржыландырылған. Жоба аясында 21 трактор, 2 комбайн алынып, 19 қайта өңдеу орны ашылған.
Жан-жақты зерделенген жобада ауыл азаматтары кооператив құрамында жеңілдетілген несие ала отырып, техниканы лизингке рәсімдеуге мүмкіндік алады. Несие немесе микронесиенің мерзімі - 5 жыл болса, мал және ауыл шаруашылығы кооперативтерін құру саласындағы жобаларға 7 жылға дейін беріледі. «Ауыл аманаты» бағдарламасының аясында шаруаларды несиелендіру 6 бағытта жүзеге асырылуда. Атап айтқанда, өсімдік шаруашылығын дамыту, мал, құс, балық шаруашылықтарын дамыту, кооперативтерді техникамен жабдықтау және өз кәсібін ашу.