Елімізде медициналық маска режимі қайта оралды. Қазақстанның бас санитары тиісті қаулыға қол қойды. Құжатқа сәйкес денсаулық сақтау ұйымдарында, адам көп жиналатын орындарда және қоғамдық көліктерде бетперде киген жөн. Бұл COVID-19, қызылша және тұмау секілді вирустық инфекциялардың таралуын шектеу мақсатында қолға алынып отыр.
 Қазақстанның бас санитары Айжан Есмағамбетова «Ауа-тамшы жолы арқылы берілетін инфекциялық аурулардың таралуының алдын алу жөніндегі профилактикалық шараларды күшейту туралы» қаулыға қол қойды. Құжатқа сәйкес, денсаулық сақтау ұйымдарында бетперде кию режимі енгізіледі. Қаулыда Облыстардың, Алматы, Астана, Шымкент қалаларының жергілікті атқарушы органдарына, Орталық мемлекеттік органдарға, меншік нысанына қарамастан жеке және заңды тұлғаларға: халықтың көп жиналатын жерлерінде, көліктің барлық түрлерінде медициналық немесе матадан тігілген маскаларды пайдалануға ұсыным берілсін.Осы қаулы қол қойылған күннен бастап күшіне енеді», – делінген. Қазіргі кезде республикадағы барлық облыстар жасыл аймаққа кіреді. Жұқпалы аурудың асқыну жағдайлары тіркелмеген. Шымкентте қаңтар айында 10 адам коронавирустық инфекциямен ауырса, ақпан айының басынан 12 адам тіркелген. Ал қызылшамен ауырғандар саны 1,3 есеге төмендеген. Айта кетейік, мамандар егер өзін мазасыз сезінген жағдайда үйге жедел-жәрдем шақырып, емін алып, тек жақсарған соң ғана қоғамдық орындарға шыққан жөн екенін ескертеді.