Түркістан қаласында «Жайлы мектеп» жобасы аясында 2000 оқушыға арналған мектептің құрылысы жүріп жатыр. Облыс әкімі Дархан Сатыбалды аталған мектептің құрылыс барысымен танысып, мердігерлер мен жауапты басшыларға жұмысты сапалы атқаруды тапсырды. Аймақ басышы сондай-ақ, «Достық үйі» ғимаратының құрылысымен де танысты.
Аталған жобаға тапсырыс беруші – «Samruk-Kazyna Construction» АҚ. Бас мердігер – «Каратас Майнинг» ЖШС. Жер аумағы – 5 гектар. Мектетің көлемі 22 мың шаршы метрден асады. Алып мектепті жыл соңына қарай пайдалануға беру көзделіп отыр. Одан кейін облыс әкімі «Turkestan-Arena» стадионына барып,  алаңға жерасты жылыту жүйесін салу жұмысын көрді. Бұған дейін «Ontustik Construction» серіктестігі тарапынан стадиондағы ескі футбол алаңы толық тазаланып, жаңадан алаң астындағы суағар құбыры жүргізілген. Қазір «Turkestan-Arena» орталық стадиондағы футбол алаңына «Star-Stroi» компаниясы жерасты жылыту жүйесінің құбырларын орнату ісін аяқтады. Кіші құбырлармен коллектор арасындағы жалғау жұмыстары жүргізілді. Енді арнайы құм төселіп, жасыл желек отырғызылады. Өңір басшысы жауапты тұлғаларға стадиондағы жасыл алаңға қатысты әрбір құрылыс жұмысын қатаң қадағалауды ұстауды тапсырды.
ТҮРКІСТАНДАҒЫ «ДОСТЫҚ ҮЙІ» ҒИМАРАТЫ БИЫЛ ПАЙДАЛАНУҒА БЕРІЛЕДІ
Түркістанда «Достық үйі» ғимаратының құрылысы қарқынды жүріп жатыр. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен салынып жатқан жаңа нысан биыл қазан айының соңында пайдалануға беріледі деп жоспарлануда. Аймақ басшысы аталмыш нысанда болып, мердігерлерге нысанның құрылысына қатысты тапсырма берді. «Достық үйі» – бұл біздің қоғамда орныққан үйлесім мен берік бейбітшілікті бейнелейтін символдық нышан. Түркістан қаласының әкімшілік-іскерлік орталығында орналасқан ғимаратқа арнайы жер телімі бөлінді. 4 қабатты нысанда Қазақстан халқы Ассамблеясының қызметіне байланысты тақырыптық ішкі әрлеу жүргізіліп, қажетті экспонаттар қойылады. Бүгінгі таңда қазаншұңқыр құю мен бетон астын құю жұмыстары – 100%-ға атқарылған.Айта кетейік, өңірде 50-ден аса этностың өкілдері бір шаңырақ астында бейбітшілікте, тату-тәтті өмір сүріп жатыр. Өңірде мемлекеттің өркендеуіне үлес қосып, қазақстандық толеранттылық үлгісін көпке паш етуде 11 этномәдени бірлестік жұмыс істеуде.