Суицид пен күйзелістің шешімі немесе профилактикасы – махаббат қана. Бұл даусыз аксиома. Себебі, балалардың отбасындағы көрген позициясы қоғамдағы рөліне айналады. Перзент ата-анадан махаббат беретін тұлғаны, өзін үнемі қолдайтын, қорғайтын адамды көруі керек. Ал бұл бүгінгі ата-ана балаға бере алмай отырған үлкен мәселе.
Зорлық-зомбылыққа жол жоқ! Әлімжеттіктен аулақ бол. Буллингтің бәлекеті. Мұның бәрі жаңғырығып тұрған лозунгтар. Ал қоғамдағы ахуал мен болып жатқан оқиғалар жасырып отырған аурудың бар екенін көрсетіп отыр. Статистика бойынша, елімізде бір жылда әр бесінші бала буллингке ұшыраған. Бұл баланы депрессияға, стреске, ауруға, ақырында өзін өлтіруге әкеп соқтыруы мүмкін.
 Осыдан небәрі 1 апта бұрын Шымкент мектептерінің бірінде 8-сынып оқушысы 40 дана дәрі ішіп, өзіне қол салғаны белгілі болды. Мектеп ұжымы қыз баланың бойынан еш оқыс әрекет байқамағанын, онымен үнемі психологтар жұмыс істегенін мәлімдеді. Мектеп, ата-ана тарапынан қаншалықты жұмыстар жүргізілсе де, балалардың өмірден баз кешу жайты жиілеп барады.  2023 жылдың деректеріне сүйенсек, балалар суициді бойынша Қазақстан 178 елдің ішінде 19-орынға тұрақтаған. Ал балалық шақты қорғау мәселесінде 180 ел ішінде 50-сатыда тұр. Ашық порталдағы мәліметтерге қарасақ, соңғы 5 жылда кәмелетке толмағандардың өзіне қол салу жиілігі тұрақты түрде өсіп отырған. Әзірге мамандар аутоагрессивті мінез-құлықты балалармен жұмыс істеуге бар әдіс-тәсілді қолданып жатыр.