Саз балшықтың соңы ауруға шалдықтыруы мүмкін. Қандай жағдайда дейсіз ғой? Егер оны тұтынатын болсаңыз, яғни жесеңіз. Кесек жейтін ең болмағанда бір танысыңыз бар шығар? Иә, мамандар мұндай әдет бауыр мен ішектің қабынуына әкеп соқтырып, анемияға шалдықтыруы мүмкін екенін айтады. Жердегі топыраққа жұрт неге құмар?

 Кесексіз күнін елестете алмайтындар топырақтың зиян екенін біле тұра жейді. Олардың ағзасындағы түрлі тапшылық әзірге мұндай құмарлықтан құтылуға жол бермей отыр. Көбінде саз балшыққа сілекейдің шұбыруы бала кезден басталады. Соның бірі – Аяулым Леспаева.

Базарға бара қалсаңыз, кесектің түр-түрін көресіз. Тазартылған, тұздалған, қақталған дей ме, әйтеуір талғамға қарай таңдау көп. Майдалап, көлеміне қарай бағалап береді сатушы. Бағалары 50, 70, 100, 150 теңге көлемінде. Саудагерлердің сөзінше, тәтті топыраққа сұраныс көп.

Дәрігерлердің бәрі бір ауыздан – кесек жеудің арты жақсылыққа апармайды дейді. Топырақты тұтынуға құмартып тұрудың себебі – адам организміне темірдің жетіспеуі. Қазір теміртапшылықты анемия пациенттер арасында кең таралған. Әсіресе, балалар осы ауруға жиі шалдығады екен.

Кесектің құрамында қорғасын, кадмий, мыс, мырыш болады екен. Егер көрсеткіш нормадан асса адам денсаулығына зиянын тигізеді дейді. Ең үлкен қасірет – асқазан-ішек жолдарында түрлі қабынуларға әкеп соқтыруы мүмкін. Ал бұл процестер бүкіл ағзаға қауіпті. Қысқасы, саз топырақ жеуге болмайды. «Кесек жеймін» деп кесіріне ұрынып қалмаңыз.