Түркістанда Сидней Олимпиадасының жеңімпазы, «Барыс» орденінің алғашқы иегері Бекзат Саттархановты еске алуға арналған бокстан жастар арасындағы XXII Халықаралық турнирі жалауын желбіретті. Дүбірлі додада Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан, Тәжікстан елдерінен келген 220-ға жуық спортшы 19 салмақ дәрежесінде сынға түседі.
Жарыстың ашылу салтанатында Түркістан қаласысының әкімі Нұрбол Тұрашбеков, Түркістан облысының дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Қанат Жолдықараев, Бекзаттың анасы Сырлыкүл Саттарханова құттықтау сөз сөйлеп, спортшылараға сәттілік тіледі.
Дәстүрлі бокс додасына Сидней олимпиадасының чемпионы Ермахан Ибраимов та арнайы келіп, жарысқа қатысушы спортшыларды жігерлендіріп, Бекзаттың салып кеткен сара жолын жалғайтын олимп шыңын бағындыратын жұдырықты жігіттер көптеп шыға берсін деген ыстық лебізін білдірді.
Жарыс жеңімпазы атанған спортшыларға белбеу, медаль және диплом табысталады. Турнир 4 сәуірге дейін жалғасады. Жалпы облыс көлемінде 39 спорт мекемеде 6200-ден астам спортшы бокспен шұғылданса, 270 жаттықтырушы боксшыларды баптауда.