Облыс әкімі Дархан Сатыбалдының төрағалығымен Түркістандағы халықаралық әуежайды дамыту, әлеуетін көтеру жөнінде жиналыс өтті. Жиында Түркістан облысы әкімінің бірінші орынбасары Зұлпыхар Жолдасов пен әуежайға жауапты өкілдерінің баяндамалары мен есептері тыңдалды.

Облыс әкімі әуежайдың даму жоспарын туризммен үйлестіру керектігін айтты. Қазіргі көрсеткіштерге көңілі толмайтынын жеткізді.
– Жолаушылар көлігі мен туризмге жауапты басқармалар бірлесе жоспар әзірлеп, жұмысты жүйелесін. Әуежайдың мүмкіндігін тиімді пайдалану керек екендігін айтып, сондай-ақ аэропорт басшылығы да әуежайды дамыту, табысын көтеру, жолаушылар ағынын көбейту үшін жұмыс істеп, шетелдің тәжірибесін зерттеп, халықаралық әуе компанияларымен байланысты нығайтыңыздар, – деді Дархан Сатыбалды.
«Әзірет Сұлтан» халықаралық әуежайы 4 халықаралық (Ыстамбұл, Эль-Кувейт, Абу-Даби, Самарқан) және 6 республикаішілік (Астана, Алматы, Ақтау, Ақтөбе, Орал, Қостанай) әуе бағыттарына қызмет көрсетуде. Рейстерді «Turkish Airlines», «Jazeera Airways», «Wizz Air Abu Dhabi», «Fly Arystan», «Scat», «Qazaq Air» әуекомпаниялары орындайды. Әуежай аптасына 32 рейсті қабылдайды. Әуежайдың өткізу қабілеті сағатына – 450, жылына 3 миллион жолаушыны құрайды. 2023 жылы жолаушылар ағыны 359,5 мың жолаушыны құрады. Жиында жауапты тұлғалардың жоспарлары, ұсыныстары тыңдалды. Арнайы турпакеттер әзірлеп, туристерді тартудың маңыздылығы айтылды. Осы бағытта жұмыс жанданады. Сонымен бірге халықаралық бағыттар санын көбейту бағытында да келіссөздер жалғасады.