Шымкент шахмат астанасына айналады. Бұл мақсатта спорттың осы түрінен қалада түрлі сайыстар ұйымдастырылып жатыр. Осы орайда жол - көлік колледжінде, шахмат турнирінен Қазақстан Республикасының әйелдер арасында тұңғыш гроссмейстер атанған Гүлісхан Нахбаеваның кубогі өтті. Турнирге қаладағы оқу орындарынан спортшылар қатысып, тартысты ойын көрсетті.

Бейнеқор: Гүлісхан Нахбаева – шахматтан Қазақстанның 7 дүркін чемпионы.
6 жаста анасының ықпалымен  шахмат үйірмесіне қатысыпты. Содан бері интелектуалды ойынның шыңын бағындырып келеді. Қазақстандағы тұңғыш гроссмейстер дәрежесінен бөлек,  әлемдік деңгейдегі ойындарда бақ сынап, бірнеше дүркін жеңімпаз болған. Шәкірт тәрбиелеп, алдағы уақытта өзінен де мықты шахматшылар шығаруды көздейді.

Қала бойынша мұндай форматтағы турнир бірінші рет өтіп отыр. Алдағы уақытта осы тектес жарыстар жиі ұйымдастырылады. Аталған  іс-шараның ашылуына қала әкімінің орынбасары  Сәрсен Құранбек қатысып, жас шахматшыларға сәттілік тіледі.

Турнир екі кезеңнен тұрады. Оған шаһардағы 40-тан астам колледж студенті қатысты. Соңғы уақытта үшінші мегаполисте шахмат ойынын дамытуға үлкен назар қойылып отыр.  Жас шахматшылардың дайындалуына барлық жағдай жасалған. Алдағы уақытта ауқымды турнирлер ұйымдастыру жоспарда бар.

Айта кетейік шаһарда интеллектуалды ойынды дамыту үшін  орталық саябақта шахмат ойнына арналған алаң бар. Мұнда әуесқойлар мен гроссмейстерлер жиналып уақыт өткізуге жағдай жасалған.