«Таза Қазақстанның» шарапаты жолға да жетті. Қалаға кіреберіс күре жолдардың сызығы қайта боялып, жол жиегі тазаланды. Шөп шабу, ағаш отау, бағаналарды сырлау жұмысына коммункалдық қызметкерлер мен ерікті тұрғындар тартылған.  Абай ауданына қарасты Алтынтөбе елдімекеніндегі экологиялық акция аясындағы жұмысты арна ұжымы арнайы барып, көріп қайтты.

Алтынтөбе тұрғын алабы Шымкенттің оңтүстік қақпасы. Мегополиске  облыстан көлікпен келетіндер көп болғандықтан қалаға қарасты елді-мекеннің тазалығы жергілікті билік назарынан тыс қалмайды. «Таза Қазақстан» республикалық акциясы аясында да күре жол бойы толық тазартылды.

Экологиялық бастама аясында жарық бағаналары мен аялдамалар сырланып, көше сызықтары қайта боялды. Жол бойындағы шөп шабылып,  күл-қоқыс тазаланды. Ағаштардың қураған бұталары санитариялық талапқа сай  қырқылды.

Үш күн қатарынан жүргізілген тазалық жұмысына тұрғындар дән риза. Ауылдың белсенді азаматтары республикалық бастаманың қажет кезінде қолға алынғанына қуанады.

«Абай» коммуналдық мекемесі маңызы бар учаскілерде тазалық жұмысын жалғастыра береді. Кезекті «Жасыл аймақ», «Өнегелі ұрпақ», «Мөлдір бұлақ» экологиялық апталықтарында ерікті тұрғындар ағаш отырғызып, өзен-бұлақтардың арнасына тазалайды.