Әлемде қызғалдақтың 3 мыңға жуық түрі бар болса, елімізде оның 35 түрі өседі екен. Оның тең жартысы – сирек кездесетін және жойылып кету қаупі бар гүлдер. Соның қатарында 18 түрлі қызғалдақ Қазақстанның Қызыл кітабына енгізілген. Қызғалдақтар жайында толығырақ әріптесім Ұлжан Дадан.

Көктем келісімен Түркістан облысында Қызыл кітапқа енген қызғалдақтар гүлдеді. Ол – Грейг қызғалдағы. Оны "гүл патшасы" деп те атайды. Қызғалдақтың бұл сорты Қазақстанның тек Жамбыл, Түркістан және Қызылорда облыстарында кездеседі. Өкінішке қарай, әлеуметтік желіде адамдардың жұлынған қызғалдақпен бірге түскен суреттері мен видеолары көптеп жарияланып, бүгінде кейбіріне тиісті шаралар қолданылуда, алайда қала тұрғындары гүл жұлынған жағдайда айыппұл салынуына наразы екендіктерін айтады.

Бір құшақ қызғалдақпен суретке түсу үрдісі сәуір-мамыр айларында күрт көбейеді. Елімізде осы уақытқа дейін одан табиғи сұрыптау және будандастыру әдістері арқылы қызғалдақтың 300-ге жуық мәдени сорты алынған. Қызғалдақтардың өзге түрлерден айырмашылығы - олар пиязшықтан емес, дән арқылы таралады. Тұқым топырақта 4-7 жыл жатады және содан кейін ғана жаңа пиязшық қалыптасады. Бұл пиязшықтан гүл сабағы өсіп шығады.Осы процесс жыл сайын қайталанады және бір қызғалдақтың өмірі 70-80 жылға жетеді. Ал кейде жетпеуі де мүмкін. Айта кетейік, еліміздің оңтүстік өңірлерінде қызғалдақ гүлі бүр жарды. Қазақстанда өсетін 35 түрлі қызғалдақтың 18-і Қызыл кітапқа енгізілген, олардың таралу аймағы да қысқарып барады.