Мемлекеттік рәміздер – егемендік пен елдіктің ең басты белгісі. Көк байрақ, Елтаңба мен Гимн – халқымызға қастерлі нышандар. Былтыр мемлекеттік рәміздерді қорлаған адамдарды жазалау шаралары күшейтілді. Таяуда ғана туды шүберекке теңеген түркістандық азаматтың ісі қаралып, 1 жылға бас бостандығын шектеу жазасын арқалап кеткен еді. Туды ғана емес, тудың суреті бейнелген түрлі қағаздар мен киімдер, бұйымдарды да аяқ асты етуге болмайтынын тұрғындар біле ме екен? Шаһар орталығында шағын тәжірибе жасаған тілшіміз Лаура Сарманның сюжетін көрейік.
Көпшілігі камераны байқап қойды ма, әлде мұндай тәжірибелерді желіден көп көргендіктен немесе немқұрайлықтан жылтырап жатқан қағаз тұсынан өтіп кетіп бара жатты. Арада 3 минут уақыт өткенде ғана мына азамат қағазды жерден алып, қоқыс жәшігіне тастады. Конституцияда бекітілген тудың қолданылу тәртібі бар. Мемлекеттік туды орналастыру үшін ол стандартқа сай келуі керек. Оның бейнесін қоғамдық бірлестіктер мен басқа да ұйымдар туларының геральдикалық негізі ретінде пайдалануға болмайды.