Түркістан облысының тұрғындарына ақжолтай ақпар! Өңірде 50-ге жуық медициналық-санитарлық алғашқы көмек нысаны бой көтереді. Мамандардың айтуынша, бұл саладағы ауқымды жұмыстардың жемісі. Халыққа сапалы қызмет көрсету, жайлы жағдай жасауға ден қойылып отыр.

«Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы бойынша облыста 49 медициналық-санитарлық алғашқы көмек нысанының құрылысы жоспарланған. Атап айтқанда, 20 дәрігерлік амбулатория, 23 фельдшерлік-акушерлік пункт және 6 медициналық бөлім салынады.

 «Ауыл – Ел бесігі» бағдарламасы аясында 3 елді мекенде ФАП құрылысы жүргізіліп жатыр. Одан бөлек, 27 жобаға республикалық және жергілікті бюджеттен қаржы қаралып, конкурс жарияланды. Оның 20 жобасына жеңімпаз анықталған, келісімшарт түзілді. Қалған 7 нысан әлі процесте.

 Биыл өңірдегі 8 денсаулық сақтау нысанына күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу жоспарланып отыр. Кентау қаласы, Келес ауданы, Бәйдібек, Сайрам, Жетісай аудандарындағы бірқатар медициналық орталық осы тізімге енген. Жоба 2025 жылға өтпелі. Ал Түркістан қаласындағы 570 орындық аурухана құрылысы қарқынды жүріп жатыр. Қазір 77 процентке аяқталып тұр.