Қазақстанда кәмелетке толмаған балалардың саусақ іздері алынады. "Ашық НҚА" порталында Ішкі істер министрінің тиісті бұйрығының жобасы жарияланды.


Қағидада ішкі істер органдары саусақ ізі туралы ақпаратты жинайтыны көрсетілген. Өздерінің келісімі бойынша, Қазақстан Республикасы азаматының жеке куәлігін немесе паспортын алғаш алу үшін және оларды қалпына келтіру не ауыстыру үшін жүгінген Қазақстан азаматтарының; Қазақстан Республикасы азаматының паспортын алу үшін он екі жастан он алты жасқа дейінгі балалардың; Сондай-ақ, жол жүру құжатын алғаш ресімдеген, сондай-ақ қалпына келтірген, ауыстырған жағдайларда он алты жасқа толған шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдардың дактилоскопиялық ақпараты жиналады.


"Дактилоскопиялық ақпаратты жинау адамның екі қолы он саусағының және екі қолы алақандарының папиллярлық бедерлері құрылымының ерекшеліктері туралы биометриялық деректерді алуды және осы Қағидаларда белгіленген дербес деректердің тиісті ақпараттық жүйесіне енгізуді қамтиды", - делінген құжатта.


 Қазақстан Республикасы азаматының паспортын алуға өтініш жасаған кезде 12 жастан 16 жасқа дейінгі балалардан дактилоскопиялық ақпаратты жинау олардың келісімімен және жеке басын куәландыратын құжат пен баланың заңды өкілінің қатысуымен жазбаша өтініші негізінде жүзеге асырылады.