Бірлік керуені жолға шықты. Дүниежүзілік Көшпенділер ойындарына қатысушыларды «Шым қала» кешенінен салтанатты түрде шығарып салған шымкенттіктер ата дәстүр салтымен жөн-жоралғы жасады. Ұзақ сапарға аттанғандарға киелі Қошқар ата бұлағының суы берілді.
Дүбірлі додада 19 спортшымыз ел намысын қорғайтын болады. Олар ұлттық ойынның 9 түрінен сайысқа түсіп, бақ сынасады.
Мықтылар сайысында 20 жуық шымкенттік жаттықтырушы төрелік етеді деп жоспарланыпты. Солардың бірі Талапбек Қыпшақбаев. Теңге ілуден еліміздің бас төрешісі алға қойған мақсатқа жету жолында жігіттердің барын саларына сенімді.
8-ші қыркүйекте Астана қаласында V Дүниежүзілік көшпенділер ойындары басталады. Оған жүзден астам мемлекеттен 4 мыңға жуық спортшы қатысады деп күтілуде. Дүбірлі додада спорттың 21 түрі бойынша 97 медаль сарапқа салынбақ.