Кентаулық келіншек қоқысты кәсіп көзіне айналдырды. Гүлназ Жайықбаева тұрмыстық қатты заттарды қабылдап, сұрыптап, арнайы зауытқа өткізіп, табыс тауып жүр. Қалдықтарды әзірге шикізат күйінде өткізеді. Болашақта оларды ұнтақтап, өңдеу жоспарында бар. Тазалыққа жаны құмар келіншектің іс бастауына мемлекеттен бөлген қайтарымсыз грант негіз болды.
Гүлнар Жайықбаева бастапқыда құр баклашка қабылдаумен айналысқан. Кейін макулатура, бөтелке, пластмасса жәшіктер мен салафан пакеттерін де қабылдай бастапты. Көшедегі шашылған баклашкаларды көріп, кәсіп ашу бірден ойыма келді. Әрі сүйікті қаламның тазалығын сақтап, экологиясына үлес қоссам деген ойым болды,дейді іскер келіншек.
Тау боп үйілген қалдықтарды өндіріс орындарына өткізеді. Жұмысын ширату үшін үкімет берген қайтарымсыз грантқа сығымдау қондырғысын сатып алыпты. Соның көмегімен престеп, буады. Оған күйеуі көмектеседі.
Іскер келіншек келешекте қалдықтарды майдалайтын құрылғы сатып алмақ. Ол ісін жеңілдетеді. Яғни қалдықты ұнтақтап тасымалдау әлде қайда тиімді болады. Кейін пластмассадан әр түрлі зат шығару ойларында бар.
Қаратау тәжіне баланған Кентау қаласында осылайша мемлекет қолдауының арқасында өз кәсібін ашып, ісін өрге дөңгелетіп отырған жандар қарасы артып келеді.