Шымкентте 700 миллион теңге ұрлаған әкім аппаратының бұрынғы басшысы сотталды. Бұл туралы Жоғары Сот хабарлады. Шымкент қаласының Қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық соты экс-әкім аппаратының басшысына қатысты қызметтік бабын пайдаланып бір топ тұлғалардың сенімгерлікпен тапсырылған бөтен мүлікті аса ірі көлемде жымқыру фактісі бойынша қылмыстық істі қарады.


Сотқа оның екі сыбайласы – кәсіпкер және жауапкершілігі шектеулі серіктестіктің құрылтайшысы да келді. Оларға қатысты іс бір топ адамдар арасында аса ірі көлемде бөтеннің мүлкін ұрлау,  салық төлеуден жалтару және жалған құжаттарды жасау фактілері бойынша қаралды. Іс материалдарынан ЖШС директоры салық органдарына берешегін жасыру мақсатында банктің фирмалық бланкісін 130 миллион теңгеден астам сомаға банк кепілдігін ресімдеу үшін қолдан жасағаны белгілі болды. Сотталушылар өз кінәларын мойындамай, ақтауды сұрағанымен, сот отырысында олардың кінәсі толық дәлелденді. Сот жазаны жеңілдететін мән-жайлар – жас балалардың болуын ескере отырып, құрылтайшы мен экс-лауазымды тұлғаны қылмыстық құқық бұзушылықтардың жиынтығы үшін 8 жылға бас бостандығынан айыруға кесті. Ал экс-басшы өмір бойына мемлекеттік қызметте лауазымдарды атқару құқығынан айырылады. ЖШС директоры жауапқа тарту мерзімінің өтіп кетуіне байланысты қылмыстық жауапкершіліктен босатылып, осыған қатысты іс тоқтатылды. Сот үкімі әлі заңды күшіне енген жоқ.