Coca-Cola компаниясы Қазақстандағы үшінші заманауи өндіріс зауытын Шымкентте іске қосты. Құны 27 миллиард теңге болатын жоба қазіргі таңда екі линия бойынша өнім өндіріп жатыр. Өндірістің жылдық қуаты 283 миллион литр өнім. Кәсіпорын 150-ден астам жергілікті тұрғынды жұмыспен қамтып отыр.
Кока кола компаниясының жаңа зауыты «Жұлдыз» индустриалды аймағында орналасқан. Аумағы 16 гектар жерді алып жатыр. Қазіргі таңда мұнда екі өндірістік линия іске қосылды. Бұл CCI-дің жылдық өндірістік қуатын шамамен 30 пайызға арттырмақ. Ал қала әкімі Ғабит Сыздықбеков зауыттың орналасқан аймағы өндіріске қолайлы екенін айтып, алдағы уақытта қолдау көрсететінін жеткізді.
ҒАБИТ СЫЗДЫҚБЕКОВ – ШЫМКЕНТ ҚАЛАСЫНЫҢ ӘКІМІ
- Кока Кола өндірісі әлемге белгілі. Жаңа айтып өттім. Қаламыздың экономикасын дамытуға өз әсерін тигізетіні сөзсіз. Біз өз тарапымыздан әр инвесторға қолайды жағдай істеп береміз. Кеше де әріптестерімізбен сөйлестік. Осы өндіріс аймағында қазір инфрақұрылым жұмыстары жүргізіліп жатыр. Ең бірінші Эринч бейге уәдемді бердім. Кешеде айтқам осы кока кола өндірісінен бастаймыз деп осы жерден барлығын.
CCI-дің Орта Азия және Кавказ елдеріндегі аймақтық директоры Эрдинч Гюзель үкіметке және Шымкент әкімдігіне қолдау көрсеткені үшін алғыс білдірді. Ол компанияның экономикалық әсеріне тоқталып, жаңа өндіріс орны қоршаған ортаға тиетін әсерді айтарлықтай азайтып, озық технологияларды интеграцияламақ. Сонымен қатар, жоба аясында жергілікті халықтың әл-ауқатын арттыруға бағытталған инновациялық бастамалар мен даму бағдарламасы енгізіледі.
ЭРДИНЧ ГЮЗЕЛЬ – ОРТА АЗИЯ ЖӘНЕ КАВКАЗ ЕЛДЕРІНДЕГІ АЙМАҚТЫҚ ДИРЕКТОР
- «Бүгінгі таңда нарықтағы көшбасшы болып табылатын ССІ 1994 жылдан бері елге 106 миллиард теңгеден астам инвестиция салғанын мен мақтанышпен айта аламын. Бұл зауыт ССІ-дің сол инвестициялық үрдісінің дәлелі болып отыр. Өз кезегінде, Қазақстандағы жұмыс бүгінде ССІ үшін жетекші бизнестің бірі болып табылады. Бұл жетістік Қазақстан үкіметі жасаған қолайлы және әділ бизнес ортаның арқасында мүмкін болды. 2013 жылдан бері ССІ-дің Қазақстан бюджетіне салық және басқа да міндетті төлемдер түріндегі салымы 259 миллиард теңгені құрады, ал біздің экожүйеміздің елдің жалпы ішкі өніміне қосқан үлесі 475 миллиард теңгеге жетті».
Зауытта шығарылған өнім Шымкент қаласын ғана емес, Түркістан, Қызылорда, Жамбыл облыстарына да сусынмен қамтамасыз ететін болады. Жалпы өндіріс Қазақстанның ішкі нарығын қамтамассыз етуге арналған. Еліміздегі үш зауыт 1 миллиард литр сусын шығаруға қауқарлы. Қазір компанияның Астана мен Берекеде екі зауыты жұмыс істеп тұр. Coca-Cola İçecek түріктің жетекші Anadolu Group конгломератының еншілес ұйымы. Бүгінде компанияның 12 мемлекетте 33 құю және 3 жеміс өңдеу зауыты жұмыс істейді. Онда 10 000-нан астам адам тұрақты жұмыспен қамтылған.