Қала тұрғындарын кәріз жүйесімен қамту мақсатында биыл 6 нысанда құрылыс жүріп жатыр. Оның 1-еуі магистралды кәріз коллекторы болса, 5-еуі ішкі орамдық жүйе. Жыл соңына дейін 3 елді мекендегі жұмыстар аяқталып, орталықтандырылған кәріз жүйесіне қосылады деп күтілуде. Солардың бірі Нұртас шағын ауданы.


Нұртас шағын ауданын кәріз жүйесімен қамтамасыз ету жұмыстары 2022 жылы басталған. Ұзындығы  63  шақырымға созылған кәріз құбырының бойында 3 мыңға жуық тұрғын үй бар. Жұмыстың 90 пайызы аяқталып отыр.


ЕДІГЕ ТӨРЕЖАНОВ – «ТАРАЗ СТРОЙ - 2005» ЖШС ӨКІЛІ
«Бізде проект бойынша 63 км берілген. Қазір 500 метрдей қалды. Соның ішінде 2 насосный станциямыз бар КНС-1, КНС-2 деген. Оларды орнына қойып қойғанбыз. Төлеметов көшесінде 3 проколымыз бар. Бүгінде 1 проколымыз бітіп тұр, 2 проколымыз қалды. Сол 2 проколымызды бітірсек, сосын қалған 500 метрімізді бітірсек жұмыс аяқталып қалады.»  


Нұртастықтар бүгінде үй ауласынан қазылған шұңқырларды пайдаланады. Қолқаны қапқан иістен мезі болған жұрт кәріз жүйесінің іске қосылуын асыға күтіп жүр.


НҰРЛЫБЕК РАХЫМБАЕВ – ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ  
«Келешегіміз мына жерде канализация ашылып жақсы болайын деп тұр халыққа. Сасымайды ешқандай. Септик дегеннен құтылатын болдық. Жақсы ғой. Енді ертерек бітіріп, көшемізді тазалып, асфальттап берсе.»


Шағын аудандағы кәріз жүйесінің құрылысы қарашада аяқталады деп күтілуде. Жұмысты жүргізіп жатқан мердігер мекеме одан соң  көшелерді қалпына келтіретін болады. Сонымен қатар жобаға енбей қалған жерлерде ескеріліпті.


Қазіргі таңда қаладағы 81 елді мекеннің 29-ы кәріз жүйесімен қамтамасыз етілген.  Олардың қатарына биыл 3 елді мекен қосылады деп жоспарланған. Нәтижесінде, қала халқының кәрізбен қамту көрсеткіші 65 пайыздан 70 пайызға өсетін болады. Меже бойынша 2025 жылы 75 пайызды құрамақ.