Қазақ топырағын төсеніш етіп, сан ғасыр бойы Тұран даласына турист тартып келе жатқан Қожа Ахмет Яссауи феномені кімді болмасын қызықтырары анық. Жыл сайын баба кесенесін зиярт етіп, алыс-жақын шетелдерден ат басын бұратындар артып келеді. Олар қазақ даласына Ислам дінін таратып, ағарту жұмыстарын жүргізген дәруіш, сопы, философ шығармашылығына таңданады. Данышпан «Диуани хикмет» атты туындысында өмір иірімдерін айқындап, ақиқат, ар жолын ұстануға шақырады. Бірақ әлі ойшылдың зерделенбеген, жұмбақ тұстары да жетерлік дейді зерттеушілер. Көпті қызықтырып, жіпсіз байлаған Яссауи феномені неде? Тілші тарқатады.
  Сопы шығармашылығын насихаттап, жүріп өткен жолын үлгі ету мақсатында Шымкент пен Түркістандық имамдар бас біріктіріп,  синпозиум өткізді. Шарада ислам ғұламалары баяндама жасап, сопы шығармашылығы жайында жасаған зерттеулерімен бөлісті. Сондай-ақ Мұхаммеджан Естемировтың «Қожа Ахмет Ясауидың даналық сөздері» атты кітабының тұсау кесері өтті.  
МҰХАММЕДЖАН ЕСТЕМИРОВ, ШЫМКЕНТ ҚАЛАСЫ ОРТАЛЫҚ МЕШІТІНІҢ НАИБ ИМАМЫ
 – «Мұның берері мол деп есептейміз. Яссауи бабамызды жан-жақты зерттеп, жан-жақты түсіндіре алсақ, өмірімізге ендіре алсақ. Үлкен бір мақсаттың орындалғаны деп есептейміз.»
Яссауи феномені тереңде. Ол кісіні арам жолдан тиып, ар даңғылына бағыттаған. Бірақ, шығармашылық мұрасы күрделі. Жас оқырман түсінбей, тереңіне бой алмауы мүмкін. Сондықтан да осы сынды жиындар мен түсіндірме кітаптардың маңызы зор дейді зерттеушілер.

ДОСАЙ КЕНЖЕТАЙ, АХМЕТ ЯСАУИ УНИВЕРСИТЕТІНІҢ ПРОФЕССОРЫ
– Сол құндылықтарды жасөспірімге қалай беру керек, үлкендерге қалай беру керек, мәселе әр кез білім берудің проблемасы болып қалған ғой. Мына туынды Қожа Ахмет Яссауи туындыларын теріп алған, дөп берген. Соған өте риза болдым.»

 Жиында ойшыл мұрасы жан-жақты зерделеніп, жас буынға насихаттау жолы талданды. Зерттеушілер, тақырып аясында ізденіс жасап, тың туындылар даярлау қажетін айтты.