Қала басшысы Ғабит Сыздықбеков Қарттар күніне орай мегополистегі бірқатар қарияларға құрмет көрсетті. Арнайы салтанатты жиынға барып, зейнеткерлер мен ардагерлерге алғыс айтты.
Қарттар күніне орай қаланың Құрметті азаматы және еңбек ардагері Медеуов Шерім мен Омаров Мұхан Омарұлын құттықтап, сыйлықтар табыстады. Ақсақалдарға және олардың отбасына мықты денсаулық, табыс, ұзақ өмір және амандық тіледі.
Сондай-ақ «Қарттарым – ел қазығы» атты салтанатты іс-шараға қатысты. Жиналған ардагерлер мен зейнеткерлерге қоғамға сіңірген еңбегі мен үлесі үшін алғыс айтып, мерекемен құттықтады. Іс-шара барысында бірқатар ардагерлерді төсбелгілермен және құрмет грамоталарымен марапаттады.
Барлық аға буын өкілдерін шын жүректен Халықаралық Қарттар күнімен құттықтағым келеді! Бұл мереке – даналықтың, мейірімнің, саналы ғұмырдың айнасы. Қашан да халқымыз қариясын ардақтап, ақылын тыңдап, өнегесін үлгі еткен. Сіздердің өмір бойы жинаған тәжірибелеріңіз бен асыл білімдеріңіз – біздің болашағымыздың шамшырағы, қаламыздың, еліміздің өркендеуіне қосқан баға жетпес үлесіңіз. Сіздер Шымкенттің гүлденуі жолында өздеріңізден кейінгі ұрпаққа бай мұра қалдырып, жанашырлықпен қызмет еттіңіздер. Өмірге деген белсенді көзқарастарыңыз, туған жерге деген риясыз сүйіспеншіліктеріңіз, қаламыздың дамуына бей-жай қарамағандарыңыз – нағыз азаматтықтың үлгісі. Осы бір ізгі істеріңіз үшін сіздерге шынайы алғысымды білдіремін және зор денсаулық, сергек көңіл, бақытты ғұмыр тілеймін!, - деді Ғабит Сыздықбеков.