Түркістан облысы еліміз бойынша ауыл шаруашылығы өнімін өндіруден көш бастап тұр. Биылғы жылдың 9 айында өңір шаруалары 747 млрд теңгенің өнімін дайындады. Агроөнеркәсіп саласына 124 млрд теңге инвестиция тартылған. Бұл жөнінде Түркістанда өткен ауыл шаруашылығы еңбеккерлерінің «AGROFEST TÚRKISTAN - 2024» шарасында айтылды.
Жиын-терім науқанын табысты аяқтаған шаруалар Түркістанда бас қосты. Олар жиналған өнімдерінен жәрмеңке ұйымдастырып, асыл тұқымды мал шаруашылығы мен техникалар көрмесін көпшілік назарына ұсынды.
 Биыл облыс шаруалары құны 230 млн доллар болатын 680 мың тонна ауыл шаруашылығы өнімін экспорттапты. Өңірде өндірілген 153 мың тонна еттің 14 мың тоннасы экспортқа жөнелтілген. Түркістан облысы ет өндірісі бойынша да елімізде алдыңғы қатарда келеді. Мереке аясында еңбек адамына құрмет көрсетіліп, облыстың агроөнеркәсіптік кешенінде даму көрсеткіштерін орындауда алғашқы үштікке енген және негізгі капиталға инвестиция тартуда озат аудан, қала әкімдері облыс әкімінің дипломымен марапатталады.  
 Биыл облыста ауыл шаруашылығының әлеуетін арттыруда кешенді шаралар қабылданды. Бұл ретте, су үнемдеу технологиясына да басымдық беріліп,  жаңадан 17 мың гектарға ендірілген. Технологияның қол жетімділігін арттыру үшін, 3 жергілікті зауыт іске қосылды. Мемлекет тарапынан су үнемдеу технологияларын ендіру шығыстарының 80 пайызын субсидиялау жүргізуде.
Облыста 80 мыңға жуық агроқұрылымдар жұмыс жасайды. Бұл республикалық көрсеткіштің 31 пайызы. Өңірде 1 млн. ауыл тұрғындарының әлеуметтік жағдайы ауыл шаруашылығына тікелей қатысты. Ауыл шаруашылығының негізгі капиталына тартылған инвестициялар 1,6 есеге дейін артып, 148 млрд.теңгеге жеткен. Сабан тойда ұлттық спорт түрлерінен жарыстар өтіп, мерекелік шара еліміздің эстрада жұлдыздарының концертімен түйінделді.