Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды испандық Аудиториес Энерджетикос компаниясының өкілдерімен кездесті. Екі тарап өңірде коммуналдық қалдықтарды терең өңдеу зауытын салу жобасын жан-жақты талқылады. Қоқыс қалдықтарын терең өңдеудің жаңа технологиясы – қоршаған ортаға зияны жоқ, Еуропа елдері қолдаған қалдықсыз, қауіпсіз түрі. Айта кейік, гидрогаздандыру технологиясы қоқыстан жаңа өнім түрлерін шығарады.
 Жобаны инвестор компания мен Қазақстан Республикасының Үкіметі арасындағы инвестициялық келісім шеңберінде іске асыру жоспарланған. Заңды сүйемелдеуді «Қазақинвест» ұлттық компаниясы жүргізеді. Инвесторлармен келіссөздер жүргізген өңір басшысы Дархан Сатыбалды жобаның маңыздылығына тоқталып, әкімдік тарапынан қолдау болатынын жеткізді. Түркістан облысы үшін қалдықтарды терең өңдеу – экологиялық тұрақтылыққа, экономикалық өсуге және әлеуметтік ортаны жақсартуға бағытталған кешенді шешім. Қазіргі таңда облыс аумағында қатты тұрмыстық қалдықтарды сұрыптау және қайта өңдеумен айналысатын 17 мекеме жұмыс атқарады. Оның ішінде, 13 мекеме қалдықтарды бөлек жинау және сұрыптаумен 4 мекеме қалдықтарды қайта өңдеумен айналысады. Биыл 9 айдың қортындысымен 69 032 тонна қоқыс жинақталып, оның 17 478 тоннасы қайта өңдеуге бағытталды. Облыс аумағында 135 қатты тұрмыстық қалдықтар тастайтын полигон орындары белгіленген. Оның ішінде, 38 аудандық, 50 ауыл округінің, 47-сі жеке кәсіпкерге сенімгерлік басқаруға берілген.