Ауыл – ел бесігі! Ұлттық болмыстың күре тамыры. Ұлт руханияты да осы ауылда жатыр. Салт-дәстүр, әдет-ғұрып, мәдениеттің сарқылмас мол қоры да осы ауылдан басталады. Бүгінде өркендеп, дамып келе жатқандары аз емес. Солардың бірі - Мақтаарал ауданындағы  Иіржар ауылы. 18-ден астам ұлт пен ұлыс өкілдері тұрады. Ынтымағы мен бірлігі жарасқан мекенде қылмыс саны да азайған. Өйткені ақсақалдар мен жастар бірлесіп, дүкендерде ішімдік сатуды тоқтатқан.
 Шекаралас аймақтағы ауданның әлеуеті зор. Жүйелі жұмыс атқарылып, ел еңсесі көтерілді. Бұл ретте қайта сайланған аудан  әкімінің де іскерлігі мен  қайраткерлігін айта кеткен жөн. Жалпы Мақтаарал ауданының қайта құрылғанына да көп бола қойған жоқ. Дегенмен осы аралықта аудандағы ішкі өнім көлемі екі есе өскен.
«Ауыл – Ел бесігі» бағдарламасы аясында 5 жылда 117 көшеге 2 млрд. 757 млн. теңгеге орта жөндеу жұмыстары жүргізілді. Осы уақыт аралығында 100 шақырымнан астам жолға тас төселген. Соңғы 5 жылда ауыз сумен қамтылған тұрғындардың саны 15,9 пайызға артып, 97,1 пайызды құрады. Игілікке иіржарлықтар риза.
Шағын ғана ауылда инфрақұрылым жетілдірілген. Көп ұлтты халқының ауыз бірлігі бекем. Халқы еңбекқор. Әсіресе аға буын өкілдері мен аналардың ұрпақ тәрбиесінде алар орны бөлек. Үлкендер жастарға білгенін үйретеді. Ал, ақ жауылықты аналарымыз қыз балалардың бойына ибалық пен инабаттылықтың шуағын шашады. Ауыл халқы өздері сайлап алған әкімдерінен үлкен үміт күтеді.