Спорт денсаулық кепілі. Салауатты өмір салты – өмір сүру сапасын арттырып, денсаулықты жақсартуға және ұзақ өмір сүруге ықпал етеді. Осылай деген салауатты өмір сүру орталығы мен белсенді ұзақ өмір орталығы дүниежүзілік инсульт күніне арнап спорттық сайыс өткізді. Жарысқа орталық қызметін пайдаланушы аға буын қатысып, жастарға үлгі-өнеге көрсетті. Толығырақ тілші тарқатады.

«Спорт жасқа қарамайды» ұранымен өткен шараға 60 азаматты қамтыған 3 команда қатысты. Бес кезеңге бөлінген сайыс қатысушыларды ширатып, белсенді қимыл-әрекет жасауға бағыттады. Арадагерлер арқан тартысып, шеңбер бойымен жүгірді. Эстафеталық сайыстарда бақ сынап, ептілік пен шапшаңдықты сынға салды.

 АЙЖАН МОЛДАБАЕВА, САЛАУАТТЫ ӨМІР СҮРУ ОРТАЛЫҒЫНЫҢ МАМАНЫ
– «Шара мақсаты инсульттің алдын алу және оған алып келетін қауіп-факторлары жайлы ақпараттандыру. Сондай-ақ қазыналы қарияларымызды, ардегерлер мен зейнеткерлерімізді спортты серік етуге, салауатты өмір салтын насихаттауға және дене белсенділігін дәріптеуге бағытталып отыр.

 Жетпіс жасты еңсерген Банзарбек Жаңабаев – 40 жылға жуық темір жол қызметінде жұмыс істеген. Шойын жолдың қыр-сырына қанық азамат әлі де тың, денсаулығына шағымы жоқ. Тіпті жастармен бір қатарда спортпен айналысып, жүгіру марфондарына жүйелі қатысып отырады. Жеткен жетістігі де жоқ емес.

 БАНЗАРБЕК ЖАҢАБАЕВ, САЙЫСҚА ҚАТЫСУШЫ
– «Астанада зейнеткерлер арасында ауқымды марафон болды. 500 адам қатысқан. Соған барып бірінші орын жеңіп алдым.»

КСМ: Осы сынды сайыстар, салауатты өмір салтын дәріптейтін іс-шаралар әр жұма күні жүйелі түрде өткізіліп тұрады.  Ұйымдастырушылар аталған шара аға буын үшін ғана емес, жастарға да пайдалы дейді. Айтуларынша, сайыс жастарды жігерлендіріп, үлгі-өнеге береді.

МАУИЯ САХЫБЕКҚЫЗЫ, БЕЛСЕНДІ ҰЗАҚ ӨМІР ОРТАЛЫҒЫНЫҢ БАСШЫСЫ
 – «Біздің өткізіп отырған әр іс-шарамыз жастарға үлгі, спортты насихаттау деп есептейміз біз»
Шара соңында жарыс қорытындысына сәйкес, жеңімпаздар мен жүлдегерлер анықталып, бағалы сыйлықтармен марапатталды.