Отандық автокөлік өндірісін дамытуға бағытталған жобалар қаржыландырусыз қалды. Машина жасаушылар одағының төрағасы Мейрам Пішембаев Үкімет отырысында осылай деп мәлімдеді. Қазақстанға заңсыз жеткізілетін автомобильдер де нарықтың дамуына кедергі келтіріп отыр. Осы ретте, Олжас Бектенов бірқатар тапсырма берді. Ол қандай міндеттер? 

 Үкіметте бүгін көлік өндірісі талқыланды. Саланы дамыту үшін 2028 жылға дейін бекітілген кешенді жоспар бар. Бұл жобаларды іске асыруға жыл сайын 60 млрд теңге бөлінуі тиіс. Қомақты қаржы мыңға жуық кәсіпорын ашып, өңірдегі экономикалық ахуалды жақсартуға сеп болу керек еді. Алайда, тиісті шаралар атқарылмаған.


Жаңа өндіріс былай тұрсын, істеп тұрған зауытты қайта іске қосу қиынға соғып тұр. Елдегі ең ірі көлік шығаратын кәсіпорын саналған Өскемендегі «Азия-Авто»-дың жұмысы 4 жыл бұрын тоқтаған. Құрылтайшысы Анатолий Балушкин әлі күнге халықаралық іздеуде. Басы даудан арылмаған зауытты қайта жаңғыртуға инвестор жоқ.

ҚАНАТ ШАРЛАПАЕВ, ҚР ӨНЕРКӘСІП ЖӘНЕ ҚҰРЫЛЫС МИНИСТРІ

 Дәл қазір бізде министрлік деңгейінде ешқандай инвестордың қызығушылығы жоқ. Бірақ өзіңіз білесіз, кәсіпорынға байланыс әлі сот жүріп жатыр. Сот аяқталғаннан кейін осы кәсіпорынның, ғимараттардың, жер телімдерінің иелерін анықтаймыз.

Былтыр көлік нарығына 621 млн доллар тікелей инвестиция тартылған. Бұл бұрын соңды болмаған көрсеткіш. Ал отандық кәсіпорындар биыл 82 мыңнан астам жеңіл көлік шығарды. Десе де, импортталған автомобильді сатып алушылар да аз емес. Үкімет басшысы осы ретте отандық өнімді қолдауға шақырды. Олжас Бектенов әлемдік стандарттарға сай келетін көлік құралдарын шығаруға еліміздің қауқары жетеді деп есептейді. Оған бүгінде қолданысқа енген отандық аккумулятор, трансформаторлар мен кабель, локомотивтер дәлел.

 ОЛЖАС БЕКТЕНОВ, ҚР ПРЕМЬЕР-МИНИСТРІ:

«Аталған өнімдер сыртқы нарықтарға да шығып жатыр. Біз қай кезде де өзіміздің отандық өндірушілерді қолдаймыз. Бұл ретте экономикалық патриотизм басты қағидатқа айналуға тиіс.»

 Үкімет басшысының сөзі әсер етсе керек, жауапты министр шетелде құрастырылған қызметтік көлігін отандық өнімге ауыстырамын деп уәде берді.

АНАТ ШАРЛАПАЕВ, ҚР ӨНЕРКӘСІП ЖӘНЕ ҚҰРЫЛЫС МИНИСТРІ

 Қазақстанда құрастырылған автомобильге отыру керек шығар. Мен Үкіметтен елімізде құрастырылған көлік беруін сұрап көрейін. Бұдан ешқандай проблема көріп отырған жоқпын»

АЙЯ МҮТӘЛІ, ТІЛШІ:

Олжас Бектенов отандық өндірісті дамыту үшін жауапты министрлікке бірқатар тапсырма берді. Яғни, енді Үкімет кәсіпорындармен ұзақ мерзімді келісімшарттар жасауы және мемлекеттік сатып алу кезінде машина жасау саласына басымдық беруі тиіс. Қазақстанға заңсыз жеткізілетін автомобильдер де нарықтың дамуына кедергі келтіріп отыр. Премьер-министр қара нарықтағы импортқа бақылауды күшейтуді жүктеді.