Бес баланың тағдыры туралы деректі фильм АҚШ-та екі номинацияны жеңіп алды. Шымкентте түсірілген "Шектеусіз үміт" фильмі мүмкіндігі шектеулі балалардың оқиғасын баяндайды. Мұхит асып, жүлде алған деректі туындының жабық көрсетіліміне әріптесім қатысып қайтқан еді, толығырақ өзі баяндасын.
Фильм Шымкенттегі "Шектеусіз үміт" орталығында түсірілген. Онда 5 ерекше бала, яғни 5 кейіпкердің өмірі көрсетілген. Мақсат – балалардың тағдырын ашып көрсету арқылы қоғамның ерекеше жандарға деген сауатын арттыру. Продюсерге бұл деректі фильмді түсіруге себеп болған – досы Марат Телғозының тағдыры.
ДАНИЯР ВАЛИОЛЛА, ФИЛЬМНІҢ ПРОДЮСЕРІ 6625:
Менің досым Марат Телғозының сал аурумен ауыратын баласы бар. Сол баласын ел қатарына қосамын деп досымның еткен еңбегін көріп, талай рет таңдай қақтым. Не деген төзім, ерік жігер, табандылық! Әке баласының болашағы үшін күрессе, дәл сол Марат досымдай күрессе екен. Біздің менталитетімізде, егер бала қандай да бір ауыр сырқатпен ауырса, оны жасырады. Бұл балалар вакуумде өмір сүріп жатыр, қоғамға интеграцияланбайды, сондықтан олардың өмірі қорқынышты және қиын. Бұл деректі фильм арқылы азаматтардың аяушылық сезімін оятуды мақсат тұтпадық, керісінше қазіргі жағдайға назар аударғымыз келді.
Фильм кейіпкерлерінің әрқайсысының тағдыры, қиындығы жеке-жеке көрсетілген. Ерекше балалармен жұмыс істеу де түсірілім тобына оңайға соқпаған, бірақ қажыдым демей, керісінше ерекше балалардың мәселесін көрсетуде табандылық танытқан. Марат Телғозы өз баласының қамын ғана жасамай, дәл осындай жағдайға тап болған жандарға арнайы орталық ашады. Оның айтуынша, баласы бүгін 17 жаста, 17 жыл қиындықпен күресіп келеді.
МАРАТ ТЕЛҒОЗЫ, "ШЕКТЕУСІЗ ҮМІТ" ҚОҒАМДЫҚ ҚОРЫНЫҢ БАСШЫСЫ
"Шымкентте "Шектеусіз үміт" орталығын аштық. Онда емдеу-профилактикалық және психологиялық көмек көрсетіліп қана қоймай, сонымен қатар орталық базасында барлық қатысушы өздерін үйде, туыстары мен жақындарының арасында жүргендей сезінсе дедім. Шымкентке келгенде деректі фильм түсіру туралы идеяны досым Данияр ұсынды. Негізгі мақсатымыз – ерекше баласы бар ата-аналарға көмек көрсету».
"Шектеусіз үміт" деректі фильмін түсіруге 8 ай уақыт кеткен, ұзақтығы 30 минут. Режиссері – Марат Телеуов. Деректі фильм ең алғаш Париждегі байқауға жіберіліп, көрерменнің қошеметіне бөленген. Кейіннен Канн фестиваліне және АҚШ-та өткен бірнеше фестивальге жіберілген.
МАРАТ ТЕЛЕУОВ, ФИЛЬМНІҢ РЕЖИССЕРІ 6633: 00,43
Маған бұл фильмді түсіргенде қиындық тудырғаны қателесуден қорықтым. Ерекше жандардың өмірін, арманын, мақсатын дәл көрсеткіміз келді. Біз түсірілім кезінде бұл аяныш тудыратын фильм бола ма деп ойладық, алайда көпті ойландыратын, өмірге құштар жандардың тіршілігі көркем суреттелді. Деректі фильм Америкада өткен кинофестивальде "Үздік деректі қысқа метражды фильм" және "Балалар мүгедектігі мәселесін баяндайтын үздік фильм" номинацияларын жеңіп алды.
Продюсердің айтуынша, қоғам ерекше жандарды қабылдауға, тең көруге әлі де дайын емес. Сондықтан да суреттің мазмұны мен оның семантикалық жүктемесі тек бір нәрсеге бағытталған. Яғни, қоғамның осындай ауруға шалдыққан адамдарды әлеуметтік қабылдауын жақсартуды мақсат етеді. Жабық көрсетілімдер ендігіде Астана, Алматы қалаларында ұйымдастырылады. Одан кейін барып ғаламторға жүктеледі.