Жексенбіде Шымкентте сайлау өтті. Саяси науқан Шымкент қаласының №16 сайлау округі бойынша сайлау учаскелерін қамтыды. Бұл іс-шара - Шымкент қалалық мәслихатының босап қалған мандаты үшін ұйымдастырылып отыр.
Құрсай шағынауданындағы 21 сайлау учаскесінде дауыс беру заң талаптарына сәйкес өтті. Жалпы осы учаскелерде 43 мың сайлаушы тіркелген. Соның 18108-і саяси науқанға белсене атсалысты. Комиссия жетекшілерінің айтуынша, №69-шы және 97 сайлау учаскелеріне таңмен таласып, ертелете келген азаматтар көп болған. Тұрғындардың саяси маңызды шараға ынта-ықыласына тәнті болғандар алғаш дауыс берушілерге сыйлық үлестірді. Түс ауа келушілердің көбейгені сайлау көркін қыздырды. Сондай-ақ, қараша-желтоқсанда жасы 18-ге толған бозбалалар мен бойжеткендер де құралақан қалмады. Оларға да сый-сияпат көрсетілді. Жалпы бұл саяси науқан шымшаһардағы Қазығұрт, Құрсай, Ақжар, Ақтас және Айкөл тұрғыналабтарын қамтыды.