Шымкентте үш жаңа өндіріс орны іске қосылды. «Оңтүстік» арнайы экономикалық аймағындағы кәсіпорындардың салтанатты ашылуына қала әкімі Ғабит Сыздықбеков қатысты. Шаһар басшысы жобалардың қала экономикасына қосар үлесі мол екенін айтты.
Тәуелсіздігі күні қарсаңында ашылған өндіріс орындарының құрылыс-монтаж жұмыстары аяқталып, жабдықтары орнатылған. Бұл жобалар мегаполистің экономикалық дамуына, жаңа жұмыс орындарының ашылуына және импортты алмастыруға айтарлықтай үлес қосады. Осылай деген қала әкімі Ғабит Сыздықбеков шұлық бұйымдарын өндірумен айналысатын Balabi Textile зауытының жұмысымен танысты.
Жобаға 6 млрд 528 млн теңге инвестиция тартылған. Өндірістік қуаттылығы жылына 24 миллион жұп шұлық шығарады. Фабрикада 500 адам тұрақты жұмыспен қамтылған.
АСАН БАЛАБИЕВ, BALABI TEXTILE ЖШС ДИРЕКТОРЫ
Біз мемлекеттен қолдау алдық. «Өнеркәсіпті қолдау фондынан» 4 млрд теңгеге жуық қаржыны 3 пайызбен алдық. Бұл өнеркәсібіміздің аяққа тұрып кетуіне үлкен көмек болды. Осы арқылы 500 адамға жұмыс беріп отырмыз.
Арнайы экономикалық аймақта аяқ киім өндірісіне бағытталған фабрика да ашылды. Nappa.kz кәсіпорнының инвестиция құны – 400 млн теңге, 59 жаңа жұмыс орны құрылған. Фабрика жылына 200 мың жұп аяқ киім өндіруге қауқарлы.
АИДА АЗАТҚЫЗЫ, NAPPA.KZ АЯҚ КИІМ ФАБРИКАСЫНЫҢ ҚҰРЫЛТАЙШЫСЫ
Өзіміде тері зауыты бар, сол жерден тері аламыз. Түркиядан да тері алдырамыз. Әзірге тек Шымкентте дүкеніміз бар, болашақта басқа қалаларда дүкен ашуға ниетіміз бар. Қазірпдің өзінде ІІМ; Қорғаныс министрліктеріне жөнелтіп жатырмыз.
Атаулы күн қарсаңында іске қосылған бұл кәсіпорындар өңірдің өнеркәсіптік әлеуетін арттырып, отандық өнімнің үлесін көбейтуге мүмкіндік береді. Қала әкімдігінің хабарлауынша, инвесторларға қолайлы жағдай жасау бағытындағы мұндай жұмыстар жалғасын табады.