Жаңа жыл күні қала халқы демалып, мерекені атап өтті. Алайда төтеншеліктер мен полицейлер, дәрігерлер жұмыс істеп, тұрғындар тынышын кірпік қақпай күзетті. 2 мыңға жуық полицей, 196 төтеншелік және 3500-ге дәрігер күшейтілген режимде қызмет атқарып, дамыл таппаған. Нәтиже мен көрсеткіш қандай? Мереке түні қанша азамат жарақат алып, қандай нысандар өртке оранды? Масаң күйде көлік тізгіндеп өзгенің өмірін қатерге тіккендер бар ма?

Мерекелік іс-шара өткізілетін алаңдарды 928 полицей күзетіп, қала көшелерін мыңнан аса тәртіп сақшысы бақылаған. 102-ге 1100-ге жуық шақырту түскен. 20 желтоқсан мен 3-ші қаңтар аралығында лицензияланбаған және белгіленбеген орындарда пиротехникалық өнімдерді саудалаған 85 азамат жауапкершілікке тартылып, тауарлары тәркіленіп алынған. Сондай-ақ масаң күйде көлік тізгіндеген 2 азамат анықталып, 7 жылға жүргізуші куәлігінен айырылған.

 ЕРҒАЛИ СҮЛЕЙМЕНОВ, ПД ЖЕРГІЛІКТІ ПОЛИЦИЯ ҚЫЗМЕТІ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСТЫҒЫ
– «Жүргізілген провилактикалық жұмыстар нәтижесінде Шымкент қаласында аса ауыр қылмыстар тіркелген жоқ»
От шашамын деп от басқандар бар. Пиротехникадан 6 шымкенттік жарақат алып, дәрігер көмегіне жүгінген. Ал жедел жәрдем қызметіне 31 – желтоқсан мен 4 – қаңтар аралығында 9631 шақырту түскен. Мереке күндері жаң жылдық қуаныш еселеніп, дүниеге 100-ге жуық нәресте келген.   

 БАҚЫТЖАН АБДУЛЛАЕВ, ДЕНСАУЛЫҚ САҚТАУ БАСҚАРМАСЫ БАСШЫСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ
 – «31 желтоқсан күні 76 нәресте дүниеге келген. 1 қаңтар күні 15 ұл 8 қыз бала дүниеге келген.»   

 Мереке күндері төтеншеліктер де дамыл таппай, күшейтілген тәртіпте жұмыс істеді. 196 маман кезекшілікпен қызмет атқарып, 53 техника сап түзеген. 6 оқыс оқиға  орын алып, 1 өрт фактісі 4 жану жағдайы және 1 жол-көлік дерегі тіркелген. Басқарма ұсынған ақпаратқа сүйенсек: жаңа жыл күндері пиротехникалық отшашулар салдарынан өрт оқиғасы болмаған.

 БАТЫРХАН ТІЛЕУХАНОВ, ӨРТ БАҚЫЛАУ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАС МАМАНЫ
 – «31 мен 1 аралығында 1 өрт фактісі 4 жану жағдайы және 1 жол-көлік дерегі тіркелді. Перетехникалық отшашулар салдарынан өрт оқиғасы болмады.»

Баспасөз отырысын ұйымдастырып мереке күні атқарылған шарулардың есебін берген басқарма өкілдері қала тұрғындарын сақ әрі мұқият болуға шақырады. Брифинг барысында жауаптылар журналистердің сұрақтарына тұщымды жауап беруге тырысты.