Қазақстанның 9 өңірінде мектептегі буллингтің алдын алуға және оны азайтуға бағытталған «ДосболLIKE» бағдарламасының апробациясы сәтті аяқталды. Бағдарламаға еліміздегі 50 мектептен 70 мыңға жуық оқушы мен 5,5 мыңнан астам педагог қатысты. Бағдарлама бірнеше кезеңнен тұрды, олар: қазіргі ахуалды диагностикалау, мектепішілік буллингтің алдын алу жүйесін құру, педагогтерді оқыту және ата-аналарды тарту.


 Әрбір мектеп ұжымы диагностиканың нәтижелеріне сүйене отырып, оқушылар, мұғалімдер мен ата-аналардың қатысуымен буллингке шек қоюдың өз моделін қалыптастырды. Апробация қорытындысы бойынша оқушылар мен педагогтер арасында жүргізілген сауалнамалар мектеп ортасында айтарлықтай оң өзгерістер болғанын көрсеткен. Оқу-ағарту министіргінің хабарлауынша биыл буллингке қатысушы агрессорлардың үлесі былтырмен салыстырғанда 1,5%-ға төмендеген. Сондай-ақ, өзін жәбірленуші сезінетін оқушылардың саны да 5,4%-ға азайған.. Бұған қоса, сенім арта алатын, сырын бөлісе алатын ересек тәлімгері бар балалардың саны үш есеге өскен. Министрліктің ресми сайтында жарияланған ақпаратқа сәйкес «ДосболLIKE» бағдарламасы 1 қыркүйектен бастап еліміздегі барлық мектептер мен колледждерде енгізіле бастайды. Қазіргі уақытта оны ауқымды түрде іске асыру үшін дайындық жұмыстары жүргізілуде.