Шымкенттік “Ордабасы” Еурокубоктағы бәсекені ерте аяқтады. Жерлестеріміз кеше УЕФА Конференц-лигасының алғашқы іріктеу кезеңінде грузиндік “Торпедомен” кездесті. Қос матчтың қорытындысы бойынша жарыстан шығып қалды.


 Кутаисиде өткен алғашқы ойында 4:3 есебімен жеңіліп қалған Ордабасы, Шымкенттегі жауапты кездесуде барын салды. Алайда 13-минутта қонақтар есеп ашты. Тек негізгі уақытқа қосылған қосымша минуттарда Абылайхан Жүмабек таразы басын теңестірді. Бірақ бұл нәтиже өтуге жеткіліксіз болды – 1:1. Қос матчтың жалпы есебі – 5:4, “Торпедоның” пайдасына.


Ойын барысында шымкенттік қорғаушы Соломон Квирквелия алаңнан қуылып, команда он ойыншымен қалды. Бұл да шешуші сәттердің бірі болды. Ал жанкүйерлердің көңілі күпті. Команданың ерте сүрінуі мен сәтсіз ойын тактикасы сынға алынды. Кейбірі матчқа дейінгі дайындық пен құрам таңдауға наразы.


 Матчтан соң қос тарап баспаөз-мәслихатын өткізді. Ордабасы командасының бас бапкері Андрей Мартин ішкі турнирге зейін аударып, құрамды нығайту бойынша пікір білдірді.


 АНДРЕЙ МАРТИН, «ОРДАБАСЫ» КОМАНДАСЫНЫҢ БАС БАПКЕРІ

Бұл матчтан кейін ең ауыр тұжырым – келесі кезеңге өте алмағанымыз. Басқа жағынан ойыншыларға өкпем жоқ. Біз қарсыластың қақпасына 25 соққы жасадық, олар бар болғаны 3 рет ғана тепті. Бірақ бәрібір біз өте алмадық. Көпшілік ойлағандай, біз ‘жоғары доппен’ немесе стандарттарға негізделген ойын ұстанған жоқпыз. Бұл – сырт көзге солай көрінуі мүмкін. Біз қарсыластың терең қорғанысын бұзу үшін түрлі тәсілдер қолдандық. Бірақ эшелонданған қорғанысты жарып өту оңай болған жоқ.


 Ал грузиялық “Торпедоның” бас жаттықтырушысы Дирк Шустер командасының табандылығына ризашылығын білдіріп, келесі кезеңге жолдама алғанына қуанышты екенін айтты.


ДИРК ШУСТЕР, «ТОРПЕДО» КОМАНДАСЫНЫҢ БАС БАПКЕРІ

Алғашқы мақсатымыз – жеңіс еді. Бірақ екінші таймда басымдық қорғанысқа ауысты. Бізге қысым көп болды. Сондықтан бар күшті өз қақпамызды қорғауға жұмсадық. Дегенмен, ең бастысы – келесі кезеңге өткеніміз. Ордабасы – техникалық жағынан мықты команда. Олардың шабуылдары қауіпті болды. Алайда біз дұрыс қорғанып, өз мүмкіндігімізді пайдалана білдік.


 Енді “Ордабасы” ішкі чемпионат пен Қазақстан Кубогындағы ойындарға назар аударады. Ал Еуропа аренасына қайта оралу – келесі маусымның еншісінде қалмақ.