Түркістан облысының әкімі арнайы іссапармен Кентау қаласына барды. Нұралхан Көшеров алдымен Қарнақтағы мәдениет үйінің құрылысымен танысып, жауапты тұлғаларға жұмысты сапалы әрі уақытында аяқтауды тапсырды. Сондай – ақ, аймақ басшысы мал бордақылау алаңында болып, шағын өндірістік парктің жобасымен танысып, индустриалды аймаққа да барды.
Қарнақтағы мәдениет үйі 300 көрерменге шақталған. Жалпы алаңы 0,7 гектар аумақты құрайды. Бүгінде 2 қабаттан тұратын нысаненың жарықтандыру жұмыстары қолға алынған. Биылға 793 млн. тенге қаржы бөлініпті. «Ауыл – Ел бесігі» жобасы аясында қолға алынған мәдениет үйінің құрылысы жыл соңында немесе 2026 жылы аяқталады деп күтілуде. Өңір басшысы жауапты тұлғаларға құрылыс жұмыстарын сапалы әрі уақытында аяқтауды тапсырды. Жобадағы кемшіліктерді түзеуді міндеттеді.
Аралау барысында облыс әкімі «Kaz Real Meat» мал бордақылау алаңына барып, жұмыс барысымен танысты. Бірінші кезеңде 1500 бас ірі қара етін өндіретін кәсіпорын, 2-кезеңде қуаттылығын 5 мың басқа жеткізуді көздеп отыр екен. Өнім ішкі нарыққа және шетелге экспортталады. . Сондай – ақ, облыс әкіміне Қарнақ ауылында ашылатын шағын өндірістік парктің жобасы да таныстырылды.
Нұралхан Көшеровтың Кентаудағы жұмыс сапары индустриалды аймақта жалғасты. Облысы әкімі жобалармен танысып, кәсіпкерлермен тілдесті. Олардың ұсыныстарын тыңдап, сала мамандарына өндірісті дамыту бағытында тапсырмалар жүктеді. Бұл салаға басымдық беріліп, қолдау көрсетілетінін жеткізді. Жалпы, қалада 43 га жерде индустриялық аймақ орналасқан. Бүгінгі таңға 7 жоба іске асырылған. Биыл тағы үшеуі қосылады деп күтілуде. Соның бірі «АБН Альянс» ЖШС-нің полиэтиленді құбыр өндіретін кәсіпорны. Сондай-ақ мұнда құбыр өндірісінен бөлек кірпіш зауытының жұмысы да қарқын алған. Цехта жалпы саны 80 адам тұрақты жұмыспен қамтылған. Жоба құны – 1,5 млрд. теңге. Биыл Кентауда жалпы 16 инвестициялық жобаны жүзеге асыру жоспарлануда. Толық іске қосылса, 492 жаңа жұмыс орны құрылатын болады. Атап айтқанда, өнеркәсіп саласы бойынша нақты 4 жоба құрылып, 310 тұрақты жұмыс көзі ашылады деп күтілуде. Ондағы 2 жоба арнайы экономикалық аймақта орналасса, қалған 2 жоба индустриалды аймақта жүзеге асады. Мұндағы мақсат – тұрғындарды жұмыспен қамту, өңірдің өндіріс көлемін арттыра отырып, экономикалық дамыған аймаққа айналдыру. Сонымен бірге газ қазандықтары мен тұрмыстық техникаларын өндіру жобасы да жоспарда бар. Сондай – ақ, металл бұйымдарының өндірісі қолға алынып, 2 бірдей кәсіпорын құрылысы жүргізілуде. Оның бірінде, 50 адам, екіншісінде 60 адам тұрақты жұмыспен қамтылады деп көзделіп отыр.