«Ұлттық қор – балаларға» жобасы аясында Түркістан облысында 920 мыңнан астам балаға қаржы аударылған. 2024 жылдың 1 ақпанынан бастап ҚР Ұлттық қорынан алғашқы қаражат есептеліп, барлық балаларға алғашқы қаржы аударылды. Жалпы еліміз бойынша бағдарламаға 6 919 131 бала қатысушы ретінде тіркелген. Олардың барлығына бірдей 100 АҚШ доллары 52 цент мөлшеріндегі сома аударылды.

Енді жыл сайын Ұлттық қордың өсуі мен инвестициялық кіріс есебінен сома ұлғайып отырады. Сондай-ақ есептелген қаражат Ұлттық қор активтерінің құрамында одан әрі инвестициялануын жалғастырады. Ол бағдарламаға қатысушы балаларға 18 жасқа толғанға дейін қосымша инвестициялық кіріс алып келмек. Бағдарлама іске қосылған алғашқы 10 күн ішінде тұрғын үй жағдайларын жақсарту үшін нысаналы жинақ төлемін алуға берілген 41 өтінім, ал білім беру ақысын төлеу мақсатында 42 өтінім түсіп, БЖЗҚ уәкілетті операторға өтінім берген азаматтардың банктік шотына аудару үшін төлем жүргізген.