Еріктілік – еріккеннің шаруасы емес! Халыққа ақысыз, қайтарымын күтпей қайырымдылық жасау екінің бірі бара бермейтін игі іс. Осылай деген Жастар орталығы жас волентерлер базасын құрып, 3000-нан аса еріктіге сабақ өтіп жүр. Онда тәжірибелі спикерлер бар білгенімен бөлісіп, қоғамға қалай көмектесу қажетін айтады.
Қайыржан Бөгенбай – Шымкенттегі ұлттық волонтерлік желінің жетекшісі. Айтуынша, қазір үшінші мегполисте 3000-нан аса ерікті бар. Жығылғанды жебеп, сүрінгенге сүйеу болатындар қоғамдық жұмыстарға белсене араласып, қайырымдылықтың түр-түрін ұйымдастырады. Мәселен, ел басына күн туған қысылтаяң шақта халықтан жылу жинап, тасқын судан зардап шеккен өңірлерге 100 тоннадан аса гуманитарлық көмек жөнелткен. Бұл істе еріктер еркі де ескеріледі. Волонтерлар қандай бағытқа қызығады, кімге көмектескісі келеді? Ұйымдастырушылар оны сонда жөнелтеді.
ҚАЙЫРЖАН БӨГЕНБАЙ, ҰЛТТЫҚ ВОЛОНТЕРЛІК ЖЕЛІНІҢ ШЫМКЕНТ ҚАЛАСЫНДАҒЫ ЖЕТЕКШІСІ
– «Адам ерікті болып тіркелетін кезде жазылатын нақты ақпараты бар. Қандай бағытқа волантерлік жасағысы келеді?»«Көмекті жарияламас бұрын біз еріктілердің ниетін білеміз. Бара аласыз ба? Ардагердің үйін жинастырамыз. Үй шаруасына көмек береміз. Деңгей арқылы, чатта ақпараттармен бөлісеміз.»
Ақбота Сейдібаттал волонтерлікпен 4 жылдан бері айналысады. Осы аралықта қоғамдық мәселелерге белсене араласып, игі істерге бастамашы болып жүр. Мүмкіндігі шектеулі жандарға қол ұшын созып, қарттар үйі мен балалар үйіне жиі көмек ұйымдастырады. «Жақсылық жасау да құмарлықтың бір түрі. Игі іске дағыдаланып, айнымас әдетіне айналдырған кісі – ізгілік жасаудан ләззат алады»-дейді ол.
АҚБОТА СЕЙДІБАТТАЛ, ВОЛОНТЕР
– «Біздің қоғамда қаншама көмекке мұқтаж жандар бар. Біздің олардың бәрін оңалтып жібере алмасақ та қолдан келген көмекті аямау азаматтық борышымыз деп санаймыз.»
Шымкентте 14 пен 35 жас аралығындағы 388 мың азамат бар. Былтыр жастар орталығы 1500-ден аса іс-шара ұйымдастырып, оған 290 мың жас қатысқан. Жобалардың дені – қоғамды ізгілікке шақыру, ондағы келеңсіздіктермен күрес, жас өренді дұрыс жолға бағыттау. Мақсат аясында спорттық сайыстар, танымдық кештер, ақпараттық түсіндірме жұмыстары, құқықтық сауаттылықты ұштау іс-шаралары жиі ұйымдастырады.
АРУЖАН ӘЛЖАН, ЖАСТАР РЕСУРСТЫҚ ОРТАЛЫҒЫ БАСШЫСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ
– «1580 іс-шараның ішіндегі ден қойғандарымыздың бірегейі – зорлық-зомбылыққа қарсы іс-шаралар, құқықбұзушылықтың алдын-алу, нашақорлықпен күрес» «Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Сәрсен Құранбектің қатысуымен әр айдың сенбі күні кітап талқы өткіземіз.» – Жасаған іс-шаралар арқасында 380 жасы бар қаланың 290 мыңын қамтыдық.»
Жастар орталығы күніне 2-3, кейде тіпті 5 іс-шара ұйымдастырады. Дамыл таппайтын ұжым жыл басталған 20 күннің ішінде 30-ға жуығын өткізіп үлгеріпті. Олардың басты мақсаты – жастар белсенділігін арттыру.