Мегаполистің өндірістік аймағы болып саналатын Еңбекші ауданында өткен жылы инфрақұрылым жүйесіне қатысты бірқатар мәселелер шешімін тапқан. Бұл ретте, ауданның жаңа құрылыс аумағына басымдық беріліп отыр. Баспасөз жиынында осылай деген аудан әкімі Досбол Есілбек атқарылған жұмыстарды баяндап, алдағы жоспарларымен бөлісті.  

Бүгінде аудан халқының  97 % таза ауыз суға, 99,8 % мемлекеттік қуат көзіне қосылған. Ал 92,4 % көгілдір отынға қол жеткізіп отыр. Басымдық елді мекендердің жаңа құрылыс аумақтары мен шалғайдағы шағын аудандарға берілген.

Ауданның инфрақұрылым жүйелерін жақсарту мақсатындағы жұмыстар биыл да жалғасады. Бұл ретте, Жастар көшесі, «Қазығұрт» станциясы мен Оңтүстік-Жаңақұрылыс аумағын сапалы ауыз сумен қамтуға жобалық сметалық құжаттар дайындылып жатыр, - дейді аудан әкімі. Сонымен қатар Қарабастау, Жұлдыз, Жалын тұрғын алабтарында көгілдір отын құбырын тарту жұмыстары жүргізілуде.

 Баспасөз отырысы барысында аудандағы жолдың жағдайына тоқталған Досбол Күздікбайұлы былтыр 78 көшеге жөндеу жоспарланғанын жеткізді. Оның 24-індегі жұмыстар аяқталып, қалғаны биылға өткен.  Сондай-ақ, су басу қаупі жоғары 16 көшеге 4,9 шақырым ирригациялық арықтар орнатылған. Ал ауданда кәріз жүйесімен қамтылу жағдайы 41%-ды құрап отыр. Биыл Базарқақпа тұрғын алабы мен Достық көшесінің бойындағы көпқабатты тұрғын үйлерге кәріз жүйесін жүргізу көзделген. Аудан әкімінің айтуынша, орталықтағы 11 көшеге жобалық сметалық құжаттар әзірленіп жатыр.