Түркістан облысында жас келіншек көпірден секірмек болған. Тұрмыстан қажыған әйел суицид жасауды дұрыс шешім деп тапқан.  Ол Сарыағаш-Жібек жолы аспалы көпірінде таңғы уақытта өз-өзіне қол салмақ болған.  
 Түркістан облысының полицейлері көпірден секірмек болған әйелді тоқтатып, қайғылы жағдайдың алдын алды. Бұл оқиға республикалық маңызы бар Алматы - Ташкент - Термез тасжолында болды. Патрульдеуде жүрген полиция қызметкерлері Сарыағаш-Жібек жолы аспалы көпірінде жалғыз тұрған жас келіншекті байқайды. Таңғы уақытта арлы-берлі жүрген әйелден күмәнданған қызметкерлер оның өз-өзіне қол жұмсағалы тұрғанын түсінген. Содан бірден әрекет етіп, оқиға орнына дереу жетеді. Тәртіп сақшысы 5,5 метр биіктіктен секірмек болып, көпірге жармасқан жас келіншекті әңгімеге алдандырып, қолынан тартып алады. Қапсыра құшақтап, қауіпсіз жерге алып шығады. Осылайша, әйелдің суицид жасауына жол берілмеді. Әйел өз жауабында отбасылық жағдайынан шаршағанын жеткізді. Бүгінде оқиғаның толық мән-жайын анықтап, онымен профилактикалық әңгімелесу шаралары жүргізіліп жатыр.