Қазақстан халқы Ассамблеясының ХХХІІІ (33) сессиясында Мемлекет басшысы берген тапсырмасы аясында жастардың бастамаларына қолдау көрсету жайы талқыланды. Тоқсандық отырысқа Түркістан облыстық қоғамдық даму басқармасының басшысы, Ассамблея жастарының мүшелері мен Жастар ресурстық орталығының өкілдері қатысты.

Жиында этнос жастары арасында патриотизмді, бірлік пен келісімді насихаттау жағы кеңінен сөз болды. Өз ойларын ортаға салған Ассамблея жастары мемлекеттік тілді этносаралық қарым-қатынас тілі ретінде танымал етуге тоқталды.

 Күн тәртібінде қаралған мәселелерге сәйкес көпшілік дауыспен «Ассамблея жастары» РҚБ-нің Түркістан облыстық өкілдігінің төрағасы болып Нодиржан Хасантаев сайланды. Белсенді жас өзіне артылған сенім үшін ризашылығын білдіріп, өңірдегі Ассамблея құрылымдарымен өзара бірлесіп, үйлесімді және нәтижелі жұмыс істеуге күш салатынын жеткізді.

 Тоқсандық отырыс барысында Тараз қалалық «Жаңа-Ру» жастар коалициясы қауымдастығының ұйымдастыруымен өткен «Мен жастарға сенемін» атты ақындардың өлеңдерін оқу байқауында топ жарған этнос жастары арнайы марапатталды. Аталған байқауда Захро Ирисметова 1 орынды жеңіп алса, Дилмира Бекташова жүлделі 3 орынды иеленді. Ал «Көркемсөз оқу шебері» номинациясымен Дильноза Сайтова мен Диана Жаппарова арнайы марапатқа ие болды.

 Жиынға қатысушылар «біздің күшіміз – әртүрлілікте. Қазақстан – тіл, мәдениет және дәстүрлер айырмашылығына қарамастан, бейбітшілік пен келісімде өмір сүре алатын елдің үлгісі» деп, ортақ ойларын білдірді.