Шымкенттегі жалғыз ретрокөлік музейі жабылғалы тұр. Оған себеп – келушілердің аздығы мен қолдаудың жоқтығы, - дейді кәсіпкер. Ерекше орталық қала тұрғындары мен қонақтары үшін Кеңес заманына сапарлауға таптырмас алаң болды. Арысы 100 жыл бұрынғы көліктер бар музейді әріптесім де көріп үлгерді.
 Музейде кеңес дәуірінің “Победа”, “Волга” сияқты сирек кездесетін көліктері қойылған. Америкалық “Кадиллактың” ерекше маркасы да ұсынылған. Белсенді жас Қуаныш Күнкөргіш осы орталықтың тұрақты келушісі. Ол ретро көліктерге бала кезден қызығады. Тіпті кішкентайынан ескі үлгідегі көліктердің тарихын оқып-білуді және олардың ойыншық түрін жинауды хобби еткен.
 Мұндағы кейбір көлік толықтай қалпына келтіріліп, заманауи құрылғымен жабдықталған. Көрмеге келушілер осы көліктердің орталыққа дейінгі жағдайымен толық танысады. Олардың ерекше дизайны мен техникалық сипаттамаларын көре алады. Өкініштісі, жеке кәсіпкердің бұл жобасы тоқтап, автомузей жабылғалы тұр. Оған келушілердің аздығымен қолдаудың жоқтығы себеп. Ал жергілікті жауаптылар автомузейді турситік маршрутқа әркез қосып жүргенін, бұл мәселе жеке кәсіпкердің өзінің қалауындағы шешім екенін алға тартады.
Шымкенттегі Ретроавтокөлік музейі 2019 жылдың маусымында ашылған. Содан бері қала тұрғындары мен туристері үшін жағымды естеліктер мен әсерлі сәттер сыйлап келді. Бұл жердегі 26 ретроавтокөлікті күтіп-ұстауға арнайы мамандар ерекше көңіл бөліп келген. Енді кәсіпкер көне машиналарды сатылымға шығарып, орталық жұмысын 1 ақпанда толық тоқтатпақ.