Міржақып Дулатұлының туғанына 140 жыл. Елім десе етегі жасқа толып, қазақ десе қабырғасы қайысқан алаш арысы ел мүддесін күйттеп, халық қамын ойлады. Санасы саяз тартып, рухы жаншылған жұрқа қозғау салып «Оян!» деп ұрандады. Ағартушылық бағытта жұмыс істеп, елдің егемендігі жолында жанын да жалынын да құрбан етті. Тұлғаны еске алып, өрлік жолын насихаттау мақсатында әдет ғұрып және салт-дәстүр орталығы танымдық іс-шара өткізіп, келушілерге тың ақпарат берді.
Қуғын-сүргін құрбандарын еске алу музейінде экскурсия жетекшісі қызметін атқаратын Дариға Дали Міржақып Дулатұлының алғашқы қазақ математигі екенін алға тартады. Айтуынша, ұлттың рухын оятып, санасын сілкілеген азамат мектеп шәкірттеріне арнап математика оқулықтарын жазған.
ДАРИҒА ДАЛИ ,ЭКСКУРСИЯ ЖЕТЕКШІСІ
– «Зайсанда балаларға арифметикадан сабақ берді. Сондай-ақ есеп құралы деген 5 кітап жазды. Сондай тұңғыш геометрия еңбегін де жазып шықты.» -
Іс-шараға зиялы қауым өкілдері мен студенттер қатысты. Жалынды жастар аға буын айқан ақпараттарға құлақ түріп, Міржақып тұлғасын жан-жақты таныды. Соның бірі – Тарих факултетінің студенті Досымжан Әбділдә. Айтуынша, ол бүгінгі іс-шарадан мол тағылым алып, орамды ой түйген.
ДОСЫМЖАН ӘБДІЛДӘ, СТУДЕНТ
– «Өзінің оян қазақ өлеңімен танымал Міржақып Дулатұлының бүгінгі таңда 140 жылдығы болып жатыр. Біз бүгінгі іс-шараға қатысып үлкен әсер алдық»
Тау тұлға алғашқы қазақ романын жазып, «Бақытсыз жамал» шығармасында сол кездегі қоғам бейнесін боямасыз суреттейді. Оның әдебиет пен ұлт санасының жетілуіне қосқан үлесі де орасан. Осылай деген саясаттанушы Сәкен Мәжінбеков Міржақып Дулатұлы алаш идеясына адал, ел мүддесіне берік қайраткер, - дейді.
СӘКЕН МӘЖІНБЕКОВ, САЯСАТТАНУШЫ
– «Сол кездегі қоғамның мүшкіл хәлін, ескіліктің сарқыншағынан әлі арыла алмай отырғанын жазады. Бұл кейінгі романдарға да оң ықпал етті.»
Іс-шарада өнерпаздар домбырамен ән шырқап, арнайы шақырылған алаштанушы ғалымдар баяндама жасады. Студенттер қуғын-сүргін құрбандарын еске алу музейін аралап, тарих беттерін парақтады.